Сайрам аудандық ІІБ-не Қарабұлақ ауылында қораз төбелестіріп, қаражат тауып жүрген азамат туралы ақпар келіп түскен. Ішкі істер бөлімінің мамандары жедел-іздестіру шарасы барысында Қарабұлақ ауылының 45 жастағы азаматын құрықтады. Әрине қораз төбелестіру құмар ойынға жататыны белгілі. Әлгі азамат мұны біле тұра үйінің ауласына арнайы арена тұрғызған. Тәртіп сақшылары тексеруге келгенде қораз төбелесінің нағыз қызған тұсы екен. Бірнеше адам төбелесқұмар қораздардың ойынын қызықтап тұрған шақта үстерінен түскен. Үйретілген, нағыз «жауынгер» қораздарға арнайы жүлде тігіледі екен. Заттай айғақ ретінде тәртіп сақшылары заң бұзған азаматтан қораздары мен ақша тәркіледі.
Осы факті бойынша ҚК 307 бабы яғни, «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша іс қозғалды. Бұл іс ары қарай нақтылап тексеру үшін ОҚО Кіріс департаментіне берілді.