Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін аудандарда түрлі түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Отбасылық кикілжіңнің салдарынан ері әйелін ұрып соғып, тіпті соңында адам өліміне соқытырып жатқан жәйлар да аз емес. Әйелге қол көтеру, кей жағдайда мүгедектік жағдайға жеткізудің соңы темір торға тоғытылумен тынып жатады. Мұндай қылмысқа барғандарды заң басынан сипамайтыны әу бастан-ақ белгілі. Осындай қайғылы жағдайлардың орын алмауы үшін және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін түрлі мекеме тарабынан ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, «Жас ұя» жастар денсаулық орталығы, әдеттегідей, жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірлесе отырып, Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылы, Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде арнайы іс-шара ұйымдастырды. Ата-аналар жиынында»Тұрмыстағы зорлық зомбылықтың алдын алу»,»Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу», «Бала тәрбиесіндегіата-аналардың жиі жіберетін қателіктері» тақырыптарында баяндама оқып, ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіліп, бала тәрбиесі жайлы сұрақтар қойылып, кері байланыс орнатты. Құқық бұзған балалардың ата-аналары да жауапкершіліктен тыс қалмайтындығы ескертілді. Зорлық-зомбылық көрсеткен балалардың болашағына балта шабылатыны, заң талаптары туралы кеңінен молынан мағлұмат берілді. Келген орталық мамандарына, мектеп әкімшілігі тарапынан алғыс білдіріп, алдағы уақыттарда осындай жиындар көптеп жүргізілсе деген ұсыныс, тілектерін жеткізді. Құқықтық сауаттылық жөнінен алдағы уақытта да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылмақ.