Бөтеннің мүлкіне көзалартып, жымқырып кеткені үшін ешкімді де заң басынан сыпамайды. Ұрлық қылмыстарын ашу бүгінде құқық қорғау саласындағы нәтижелі жетістіктердің бірі болып отыр. Тәртіп сақшыларының ыждағаттылықпен ізге түсіп, ұрыларды қақпанға қармауда. Жуырда Түркістан облысына қарасты Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, өзінің тұрғын үйінің ауласындағы қораға белгісіз біреулер заңсыз кіріп, әрқайсысы 50 000 теңге тұратын 6 бас қойын жасырын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 300 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы бойынша тіркеуге алды. Оқиғаны естіген бойда, тәжірибелі тәртіп сақшылары аталған мекенжайға бірден жетті. Ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ұйымдасқан үшеуді бір тәулікке жеткізбей ұстады. Анықталғандай ауылдас күдіктілер түнгі уақытта ұрлыққа түсіп, 6 бас қойды «Ваз-21014» маркалы автокөлікке салып, жасырын жымқырып кеткен. Яғни олар малды ұрлаған соң сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аз ғана ақша үшін қылмысқа барған ұрылар өз жазаларын алмақ. Ал тәртіп сақшылары тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғындарға аса сақ болуға шақырып отыр.