Бүгінде жоқ жерден ақша жасап, алаяқтықтың сан алуан түрін меңгергендер қатары азаймай отыр. Дегенмен оларға құқық қорғаушылар тосқауыл қойып, әрекетіне қарай жазасын беруде. Жуырда Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Ордабасы ауданының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша танысы «Өзбекстан Республикасынан құрылыс жұмыстарын жасайтын жұмысшылар шығарып беремін», — деп, жалпы 915 000 теңге ақшасын алған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Аталған істі жіті тексерген полиция қызметкерлері күдіктіні ұстауға бағытталған жедел іс-шараларды жүзеге асырды. Алаяқ алысқа ұзамапты. Нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Анықтау барысында белгілі болғаны күдікті медреседе жұмыс істеген. Жәбірленуші медресеге жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында жиі барып жүрген. Екеуі сол жерде танысып, бірнеше жылдар бойы араласқан. Содан жәбірленуші танысынан жұмысшылар қажет екендігін, шекарадан шығарып беретін танысы бар жоғын сұрайды. Күдікті әйел таныстарының барын, оған көмектесетіндігін айтып, барынша сендіріп, аталған ақшасын алады. Алайда айтылған уәде құрғақ сөз болып шығады. Күте күте төзімі таусылған жәбірленуші құқық қорғаушылардан көмек сұраудан басқа жол жоқ екенін аңдаған. Танысы берген уәде орындалмай 1 айдан аса уақыт өткен соң, жәбірленуші полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды алаяқтарға алданбауға шақырып, түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.