Жолда жүру ережесін бұзу қателікті кешірмейді. Әрі тәртіп бұзған кез-келген азамат жазасын алуы тиіс. Тәртіп сақшылары қоғамның тыныштығын басты назарда ұстайды. Олар түрлі қылмысты болдырмау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Мәселен, жуырда Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының полицейлері Атакент-Жетісай тас жолы бойында таңғы сағат 07:30 шамасында алдыңғы және артқы мемлекеттік белгілері жоқ «AUDI C4» маркалы автокөлікті тоқтатады. Аталған көлік құралының жүргізушісін тексеру барысында оның куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткендігі белгілі болды. Сондай-ақ оның ішімдік ішкенінен күдіктенген полицейлер, оған медициналық сараптама тағайындады. Нәтижесінде оның алкагольдік мас халде екендігі анықталды. Осыған байланысты жүргізушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 1-бөлігі «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 2-бөлігі «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы» және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған іс-құжаттар Мақтаарал аудандық сотына жолданған болатын. Аталған жайтқа сәйкес аудандық соттың қаулысымен жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Осылайша жалпыға бірдей тәртіпке бағынбаған жүргізуші істеген ісіне қарай жазасын алды. Егер де бұдан кейін осылай жол ережесіне қатысты тағы да өрескел заң бұзушылыққа барса жазасы бұдан да ауырлай түспек. Сондықтан да ішімдік ішіп, заң бұзатындарға, оның ішінде көлік айдайтындарға қатаң жаза қарастырылған. Ең алдымен өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндірмеуді ойланған жөн.