Бүгінде Түркістан облысында құқық қорғау саласында атқарылып жатқан толымды тірліктер жетерлік. Азаматтардың құқығын қорғау әрдайым басты назарда. Жуырда Түркістан облысына қарасты Сайрам аудандық сотында қызықты іс қаралды. Онда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қатысты істе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Сайрам аудандық сотында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігімен Ақсукент ауылының тұрғыны азаматша А.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта анықталғандай, 2022 жылдың сәуір айында Сұраншы Батыр көшесінің бұрылысында жүргізуші А. автокөлігінің басқару жүйесін игере алмай, жол жиегінде орнатылған жол белгісіне соқтығысып, жол жиегіне аударылып, өзінің заңды некедегі жұбайы М.-ға тиесілі автокөлікке материалдық шығын келтірген. Сотта жүргізуші А. болған жайды растап, ұялы телефонның қоңырауына алаңдап, жол тайғақ болғандықтан көліктің басқару жүйесін игере алмай, жолдың жиегінде тұрған белгіге қақтығысудан қашпақ болған бұрылыста жанына аударылып, өзі басқарған автокөлікке зақым келтіргенін, аталған көліктің ортақ меншікте екенін, несиеге алынып, жолдасының атына тіркелгенін айтты. Сот отырысында көліктің иесі жүргізуші А.-ның жолдасы М. жол — көлік оқиғасы салдарынан көлігіне зақым келгенін, алайда бұл материалдық шығын олардың ортақ мүлкіне келтірілгендіктен, жұбайына талап қоймайтынын растады. Бұл тұрғыда, жол-көлік оқиғасы нәтижесіне жүргізушімен ортақ мүліктен басқа өзге мүліктің бүлінуі орын аламағандықтан, сот Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың толық құрамы жоқ деп пайымдады. Сот қаулысымен А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылды.