Соңғы кездерде некені бұзу мәселесі барлығын алаңдатуда. Соттар, медиаторлар тарапынан некені сақтап қалу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес және ол күн тәртібінен түспеген мәселе. Нәтижесі де болып, отбасын сақтап қалып жатқан жағдайларда бар. Алайда, бұл мән-жайлармен ерлі-зайыптылардың некесін бұзу мәселесі тоқтап қалмайтыны да мәлім. Сондықтан, отбасын сақтап қалу мәселесі қоғам болып барынша қолдау табуы қажет. Демек, ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, некенің бұзылу себебі неден болып жатқаны анықталуы тиіс. Сондықтан, заң актілеріне неке бұзу туралы талаптар бойынша соттан тыс тәртіпті енгізу қажет етіледі. Тиісті органдар екі тараптың да құқығын ескереді. Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында ерлі – зайыптылар отбасының іргесін сөгуді жөн деп тауып сотқа арыз тастаған. Ерлі-зайыптылардың араларындағы неке 2007 жылы тіркелген, араларында кәмелет жасына толмаған үш ұл-қыздары бар: 2008 жылы 14 ақпанда туған А., 2009 жылы 14 қыркүйекте туған Ш., 2018 жылы 14 шілдеде туған А., олар талап қоюшымен бірге тұрады. Кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға алимент өндіруге сот бұйрығы шығарылмаған. Талап қоюшы М. талап қоюында жауапкер Е-мен мінездері жараспағандықтан некені бұзуға шешім қабылдағанын, жауапкер 2022 жылғы 1 мамырдан бері бөлек тұрып жатқанын, ортақ шаруашылық жүргізілмейтінін, баланы асырап-бағу бойынша, ортақ мүлікті бөлу бойынша дау жоқ екендігін көрсетіп, араларындағы заңды некені бұзуды сұраған. Татуласу рәсімдері жүргізіліп, сот кеңсесіне тараптардан өтініш түсіп, онда олар сот отырысына қатыспайтындарын көрсетіп, өтінішке тіркелген тараптар жасаған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұраған. Талап қоюшы М-ның жауапкер Е-мен неке бұзу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс бойынша дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы тараптардың келісімдері келесі шарттар бойынша бекітілді. Ерлі-зайыптылар М. мен Е. отбасын сақтап қалуға міндеттенеді, талап қоюшы М. некені бұзу туралы талап қоюдан бас тартты. Бұл туралы Кентау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.