Табиғат байлықтарын қорғау әрбір адамзаттың азаматтық борышы деуге болады. Бірақ табиғат байлығын қорғаудың орнына қорлап жатқандар аз емес. Балық ресурстары мен жануарларды заңсыз аулау, жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлу заңмен қудаланады. Осыған орай түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жуырда Түркістан облысында «Уылдырық» іс-шарасы кезінде 9 заңсыз балық аулау қылмысы мен 200-ге тарта әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Түркістан облысында балық уылдырық шашатын кезеңге сәйкес, браконьерліктің жолын кесу мақсатында, «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алуға бағытталған. 2 ай бойы жүргізілген іс-шараның қорытындысымен облыс көлемінде заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыс тіркелген. Мысал келтірсек, Шардара Аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторлары және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары бірлескен рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде кешкі сағат 18:40 шамасында Шардара су қоймасының №3 учаскесінде «Прогресс» қайығымен, қолдануға заңмен тыйым салынған құрал, яғни Қытай ау-торын пайдаланып, заңсыз балық аулап жүрген Шардара қаласының екі тұрғыны анықталып, ұсталды. Тұрғындардан айғақты зат ретінде 600 метрден астам қытай ау-торы, 1 дана қайық, 1 дана қайық моторы және 161 келіден астам заңсыз ауланған балық алынды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Жинақталған іс құжаттары қорытындысымен сотқа жолданды. Одан бөлек, балық аулау ережесін бұзу бойынша 182 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 163-іне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы 1-бөлігімен айыппұл салынды. Ал заңмен тыйым салынған балық аулау құралдарын қолдану бойынша 19 дерек тіркелді. Браконьерлерден айғақты зат ретінде 4 дана электр токкөбейткіш, 8 дана қайық, 2 дана «Ямаха-40» қайық моторы, 9 дана шанышқы (Острага), 11 жарық беру құралы (Фонарь), заңсыз ауланған 900 келіден астам балық және моно талшықтан жасалған 1500 метрден астам Қытай ау-торы алынды. «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында облыс аумағындағы жергілікті тұрғындар арасында, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау, бұзған жағдайда жауапкершіліктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары тұрғындарға балық ресурстары мен жануарларды заңсыз аулау, жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлу заңмен қудаланатынын ескертеді.