Құқық қорғаушылар пробациялық есепте тұрған азаматтардың мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Оларды әрдайым тексеріп отыру, қайта қылмыс жасамауына ықпал ету де басты міндеттері. Жуырда Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында кездесу ұйымдастырылды. Қалалық прокуратура мен әкімдігі пробациялық бақылауда тұрған адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікке тарту мәселесі бойынша кездесу ұйымдастырды. Кездесуге 50-ге жуық пробациялық есепте тұрған адамдар қатысты. Пробация қызметінде 196 адам есепте тұрады, олардың ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 70, жұмыспен қамтамасыз етілгендер – 46, жұмыссыздар – 6. Іс-шара сотталғандарды 100 пайыз жұмыспен қамтуға және мемлекеттік бағдарламалар аясында (оның ішінде «Бизнестің жол картасы 2025», «Еңбек» бағдарламасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырылатын «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы, «Қарапайым заттар экономикасы», «Керуен сарай» кешенінде және «Эко Базар» алаңында жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ашылған «Yassy Business» бағдарламасы, «Ырыс» микро қаржы ұйымы арқылы) берілетін жеңілдетілген несиелер мен гранттар арқылы несиелендіру және өз кәсібін ашуына қолдау көрсетуге бағытталған. Басты мақсат — сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу арқылы жаңа қылмыстар жасауының алдын алу. Жалпы қала прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар мен қалалық пробация қызметі бөлімінің пробациялық бақылауда тұрған адамдарды жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету арқылы түзеу және жаңадан қылмыс жасауының алдын алу бағытындағы жұмыстарына ерекше мән береді. Қадағалау және үйлестіру шараларының арқасында жылдан жылға пробациялық бақылаудағы жұмыссыздар мен қайта қылмыс жасағандар саны азайып келеді.