Бүгін Түркістан қаласы прокурорының жанындағы ведомствоаралық жиналыста қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың қатысуымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жұмыстың жай-күйі және «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Жиналысқа мәслихат депутаттары, жергілікті уәкілетті және құқық қорғау органдарының басшылары, учаскелік полиция инспекторлары мен мектеп директорлары қатысты. Қала прокуроры Жаннұр Ахметбек Түркістанға облыс орталығы мәртебесі берілгелі 4 жылға жуық уақытта құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып қала аумағында қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін нығайтуда елеулі жұмыс атқарғанын атап өтті. Прокуратураның бастамасымен жасақталған «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қала аумағында қылмыстар саны жылдан жылға төмендеуде. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны екі есеге азайған. Қарақшылық, бұзақылық, тонау, ұрлық (оның ішінде пәтер ұрлығы, мал, ұялы телефон ұрлау), жол-көлік оқиғалары, жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен суицидтер ұдайы жылдан жылға азайып келеді. Дегенмен прокуратураның мәліметінше аса ауыр қылмыстар, алаяқтық және масаң күйде қылмыс жасау азаймай отыр. Ал денсаулыққа ауыр зиян келтіру, балаларға қатысты жыныстық қылмыстар тұрақты өсіп келеді. Прокурорлық тексерулер полиция мен уәкілетті органдардың құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысында біршама жүйелі кемшіліктер бар екенін көрсетеді. Әсіресе жауапты органдар криминогенді ахуал әлі күрделі ескі мөлтек аудандарға жеткілікті назар аудармауда. Жиналыста қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ш.Абдрамановтың, қала әкімінің орынбасары Т.Төлегеновтің және Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы О.Қолдасованың есептері тыңдалып, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша проблемалы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Жиналыс қорытындысы бойынша жергілікті уәкілетті және құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті одан әрі күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.