Полиция қызметкерлері көптеген қылмыстың алдын алу үшін жұмыс істейді, сондықтан олар сізден құжат сұрауы мүмкін. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес, бала заңды өкілімен болуы тиіс, яғни ата-ана, асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-аналар, патронат тәрбиелеуші немесе олардың орнындағы басқа да адамдар.Ал егер түнгі уақытта ата-анасы жұмыстан босамай, баланы мектептен немесе жаттығудан туыстарының біреуі алып кетсе ше? Бұл жағдайда нотариусқа барып, баламен сағат 22:00-ден кейін болатын адамның атына қажетті түсініктемемен сенімхат рәсімдеу қажет. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Түркістан облсына қарасты Қазығұрт ауданының полицейлері түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізуде. Осы бағытта полиция қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, кәмелет жасына толмаған 100-ден аса жасөспірімге ата-аналарының қарауынсыз жүрмеуін ескертті. Полицейлер қала аумағында халық көп баратын орындарға, саябақтарға барып, түнгі сағат 22:00-ден соң, жасөспірімдердің заңды өкілінсіз жүруіне тыйым салынатындығы жайлы ескертулер жасады. Егер де, екінші рет қайталанған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынатындығын түсіндірді. Сонымен қатар полицейлер кәмелет жасына толмағандарға тыйым салынған уақытта қызмет көрсеткен ойын алаңшаларының, компьютер клубтарының, кафелер мен мейрамханалардың иелеріне шара көрілетіндігі туралы еске салады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың басты міндеті. Олардың қатысуымен болатын түрлі құқық бұзушылықты болдырмас үшін, ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамауы керек. Түнгі уақытта қараусыз жібермей, оларға жауапты болуы тиіс. «Коменданттық сағатты» яғни, түнгі 22:00-ден кейін бұзу дерегі бойынша ұсталған кезде кәмелетке толмаған бала полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жеке басы анықталады және ата-анасына хабар беріледі. Бұл ретте, бала ойын-сауық мекемесінде ұсталған болса, ата-анасы 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Ал далада ұсталса, бірінші рет ескерту жасалады. Бірақ тәртіп сақшыларының көзіне қайтадан түссе 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.