Ішкі істер органдары тарапынан қару сақтау талаптарын тексеру үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп тұрады. Сақтаулы қару және әр тәркіленген қарудың шығу тарихы жіті тексеріледі. Қару тәркіленген азаматтарды тергеу барысында анықталғандай көбісі Кеңес одағы кезіндегі қарулар болып шыққан. Дені шолақ мылтық, тегіс ұңғылы қарулар, 12, 16 калибрлі қарулар. Сол кезде қызмет атқару барысында пайдалану үшін жыл сайын қару таратқан. Қойшыларда, аңшыларда, қаладағы қоймаларда болды. Қарауылдарға беретін. Сарыағаштағы жүзім, Шардарадағы күріш егістіктерінің қарауылдарына аң, құстан қорғану үшін мылтық берген. Ауылдарда мәселен кейбір үйлерде қабырғаға қару іліп қоятын. Сәндік үшін. Кеңес одағы кезінде қарулар 1981 жылдан есепке алына бастапты. Оның өзінде ойық ұңғылы қарулар ғана. 1981 жылдан кейін ғана тегіс ұңғылы қарулар есепке алына бастаған. Қазіргі акцияның мақсаты – сол кезде таратылған айналымдағы заңсыз қаруларды сатып алу. Құқық қорғаушылар әр ауылды аралап, үйме үй тексеру жұмыстарын жүргізуге құқық берілмегенін алға тартады. Бірақ осы акцияның да көп пайдасы бар. Әр ауданға нұсқау жолданған. Плакаттар, үндеухаттар таратылады. Учаскелік полицейлер ауыл ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түркістан облысының полицейлері бұған дейін тұрғындарға хабарландыру таратып, үйінде сақтаулы тұрған қаруларды полиция бөліміне өткізу керектігін айтқан болатын. Яғни ол үшін арнайы сыйақы төленетіндігі жайлы да хабарлама жасады. Полиция қызметкерлері әр әкімшілік аумақтағы қаруы бар азаматтардың үйлеріне арнайы барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараның мақсаты – аудан көлемінде орын алып жатқан отты қарумен жасалған қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, болдырмау. Тәртіп сақшыларының тыңғылықты тексеру жұмыстарының нәтижесінде аудан тұрғындарына Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабы «Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу» бойынша 11 хаттама, ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы «Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу» бойынша 8 хаттама, сонымен қатар ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша 3 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Атап айтар болсақ, Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылдық округі Ағанай ауылының тұрғыны өзінің атындағы аңшы қаруының сақтау талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылған. Яғни ер адам темір сейфтің ішінде қарудан басқа заттардың және аспалы құлыптың болғаны үшін айыппұл төледі. Осы секілді сақтық шаралары үшін полиция қызметкерлері жүйелі жұмыстарын жүргізе бермек. Сондай-ақ жыл басынан бері Қазығұрт ауданы бойынша ерікті түрде 9 қару өткізілген. Бұл өз кезегінде қарумен жасалатын қылмыстардың алдын алуда көп септігін тигізеді. Әрі қару сақтап отырған азаматтардың сақ болуына суық қарудың кім болса соның қолына түспеуіне өз септігін тигізеді.