Бүгінгі таңда нашақорлық қоғамда қайғы-қасіреті мол дерттердің бірі болып отыр. Мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі, еліміздің ертеңі –жастар нашақорлық індетінен аулақ болуы үшін сауатты болуы тиіс. Ол үшін құқыққорғаушылар тарапынан ұйымдастырылатын түрлі ісшаралар, акциялардың пайдасы мол. Ұлтымызды алаңдатып, адамдарды кісілік қасиеттерден айыратын қауіпті дертке қарсы күрес отбасынан, оқу орындарынан және әр азаматтың өз жүрек түбінен шығуы тиіс. «26-маусым Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес» күніне орай Түркістан облыстық Ішкі істер департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 1 ай бойы өзгелерге үлгі боларлықтай іс-шаралар ұйымдастыруда. Осы мақсаттағы шараның бірі — «Өмір қайығымен есірткісіз болашаққа» ұранымен Түркістан облысының орталығы «Керуен сарай» кешенінде өткізілді. Яғни, тәртіп сақшылары адамдар көп шоғырланатын демалыс, ойын-сауықтық аймақта Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына есірткіге қарсы жадынамалар таратып, оның зияндылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер бұл шараға жастарды қатыстырып, оларды қоғам дертінен бойын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ол үшін арнайы есірткінің зияны, болашақтың тамырына балта шабатын қасірет екенін толыққанды түсіндіріп өтті. Өз кезегінде жас буын «Есірткісіз болашақ!» атты ескертулерін «Керуен сарайдағы қайықтармен алып жүріп, өзгелерге үгіт-насихат жүргізді. Мұндағы негізгі мақсаты — есірткі қылмысына тосқауыл қою, алдын алу және болдырмау. Есірткінің қаншалықты зиянды екенін, бір рет бой алдырған адамның құмартушылығын басу оңайға түспейтіндігі туралы ақпарлар берілді.