Болашақтың іргесіне балта шаппас үшін есірткі атты ғасыр тажалымен күресті тек құқық қорғау органдарының міндеті деп артып қоймай қоғам болып күресу қажет. Сонда ғана есірткіні түбіріммен жоя аламыз. Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күні аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық әкімдік, Жастар орталығымен бірлесіп «Есірткісіз болашақ» атты кең көлемді іс-шара өткізген болатын. Аталмыш акцияға барлық басқармалар белсене қатысты. Нашақорлықтың алдын алу тақырыбында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Әсіресе жас өскін оқушылардың ғасыр індетінен аулақ болуы үшін олардың нашақорлықтың қандай жағдайға душар ететіндігін естіп, білуі үшін түрлі үгіт, насихат жұмыстары жүргізілді. Есірткіге елітпей, одан бойын аулаұ ұстау үшін әрине ол туралы мол хабары болуы тиіс. Сондықтан да есірткінің зияны туралы брошуралар таратылды. Акция 1 айға жоспарланған болатын. Осы аралықта тәртіп сақшылары акция кезінде жастарды қатыстыра отырып, спорттық марафондар ұйымдастырды. Таңертеңгілік жаттығу, велосипедшілер шеруі мен спорттық үйірме қатысушылары, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің өнер көрсетуі мен флешмоб өткізді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері тұрғындар арасында көпшілік баратын орындарда, саябақтар мен көшелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Керуен-сарай кешенінде профилактикалық акция өткізіліп, «Өмір қайығымен есірткісіз болашаққа» көрнекіліктерімен қайықтарға мініп, жұртшылықпен бөлісті. Бұрын соңды болмаған жаңашыл форматтағы жоба жастарға қатты ұнады. Олар есірткінің зияны туралы мол мағлұмат алды. 30 күн бойы өткізілген іс-шара соңында 26 маусым күні Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай, Түркістан қаласындағы Амфитеатр ғимаратында мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Оған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығының орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Г.Құрман, облыстық әкімдіктің ведомстволық бағынысты басқармаларының, спорт секцияларының және жастар орталығының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында «Есірткісіз болашақ» акциясы аясында өткізілген түрлі конкурстар мен сайыстарға қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар, заманауи гаджеттер, доптар, футболкалар және бейсболкалармен марапатталды. Сондай-ақ жасөспірімдер шығыс жекпе-жегі бойынша әдіс-тәсілдерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Оған қоса облыстық эстрада әртістерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Іс-шараға 200-ге жуық көрермен қатысып, көптеген жағымды эмоциялар мен ерекше әсер алды. Нашақорлықтың алдын алу және құқық бұзушылықтардың алдын алу. сондай-ақ жастарды есірткіні пайдаланудан сақтандыру туралы мол мағлұмат беретін мұндай шаралардың берері көп. Тәртіп сақшылары да медицина мамандары да салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіні қолданудан бас тартуға шақырып, аталмыш бағытта түрлі шаралар өткізіп келеді. Алдағы уақытта аталмыш бағыттағы шаралар жалғасын табатын болады.