Жаз мезгілі басталса су шомылу маусымы да қыза түседі. Өкінішке қарай, суға кету жағдайлары да жиілейді. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін бүгінде тәртіп сақшылары арнайы іс-шаралар жүргізуде. Тәртіп сақшылары суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шаралар атқаруда. Түркістан облысына қарасты Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарына жасөспірімдерге суға шомылуға тыйым салынған жерлерге баруға рұқсат бермеу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар балаларды қадағалап, суға шомылу анықталған жағдайда әкімшілік шара көрілетіндігі туралы ескерту жасады. Яғни, тәртіп бұзған балалардың ата-аналарына айыппұл салынуы мүмкін екендігі ескертілді. Дегенмен аптап ыстықтан қорғанудың амалы деп суға шомылып, қауіпсіздік талаптарын сақтамайтындардың қатары азаймай тұр. Полиция қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, су айдындарына жақын орналасқан тұрғындар қауіпсіздік шараларын елемеуде. Осыған байланысты полицейлер аудандағы каналда шомылып жатқан балаларға судағы ережелер мен оның қауіпін айтты. Жасөспірімдерге кез-келген жерде ата-ананың қарауынсыз суға түспеуге, терең жерлерге бармауға кеңес берді. Полицейлер рейд кезінде суға шомылып жатқан балаларды анықтап, олардың үйіне барып, ата-аналарына Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы 1-бөлігі «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 32 ескерту хаттамасын толтырды. Алдағы уақытта ескертуді елеп, ескеріп, қауіпсіз жерлерде ғана суға түсу қажеттігі туралы айтылды. Полицейлер суға түсу ережесін бұзған 32 баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырды. Өзгенің қауіпсіздігін ойлаған Түркістан облысының полицейлері әр адамның өмірі маңызды екенін, қайғылы оқиғалардың алдын алу маңызды екендігін еске салады. Сондықтан жолда жүру мен суға түсу ережелерін әрдайым сақтау қажет. Суға тек қана рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылу қажеттігін, балаларды жаз айларында көзден таса етпеу қажеттігін қоса ескертті. Суға кету жағдайларының басым бөлігінде балалар, оның ішінде ата-аналарының қадағалауынсыз қалған жағдайда орны алатынын еске салды. Сондықтан да барынша қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет-ақ.