Қолға түскенді жымқырып кету кәнігі ұрылардың кәсібі болса керек. Олар үшін азық-түлік те, майда шүйде ұрлау да сөз емес. Тек қолға түсіп қаламын ау, сол үшін жаза бар ау деп ойланбайтыны қызық. Жуырда Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық полиция бөліміне кәсіпкерлікпен айналысатын жергілікті тұрғындар арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, оларға тиесілі моншадағы дүкенге белгісіз біреу кіріп, киім-кешектер мен азық — түлік заттарын ұрлап кеткен. Майда-шүйде болып көрінгенімен бәрі жинала келе қомақты қаражатты құрайды. Жәбірленушінің біріне 541 000 теңге, екіншісіне 58 000 теңге, үшіншісіне 6 250 теңге шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Айнала жіті тексерілді. Жақын аумақтарды түгел қарап, тексеріп шықты. Полицейлердің жасаған жедел әрекеттерінің арқасында күдікті ретінде жергілікті тұрғын, орта жастағы ер адам ұсталды. Анықталғандай, күдікті дүкенге терезені сындырып кірген, ,дүкен ішін асықпай аралап өзіне қажетті заттарды ұрлап кеткен. Сезіктіден айғақты заттар алынып, иелеріне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.