Бүгінде ауылдарда мал ұрлығы, қалаларда пәтер ұрлығы басым. Дегенмен Түркістан облысының полиция қызметкерлері ұрлық қылмысын азайту мақсатында бірқатар ауқымды, кең көлемді шараларды ұдайы жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы негізгі іс-шаралар 2021-2023 жылдарға арналған «Мүлікті қорғау жөніндегі» ведомстволық бағдарлама жоспарының тармақтарын орындау шеңберінде іске асырылуда. Жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде облыс көлемінде ағымдағы жылдың 6 айында ұрлық қылмысы бойынша 445 іс тіркеліп, оның 329-ы ашылған. Бұл жақсы нәтиже. Тәжірибелі тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында ұрлық қылмыстары ізі суымай ашылуда… Нәтижелі қылмыстардың ішінде пәтер ұрлығы бойынша 236 жайт тіркеліп, 199-ы ашылды. Ауыр санаттағы пәтер ұрлығының ашылуы 55,3 пайыздан 80,2 пайызға жақсарды. Осы аралықта полиция қызметкерлері 96 пәтер ұрлығына қатысы бар 22 адамнан құрылған 9 қылмыстық топты ұстады. Әккі ұрылар көбіне ақша және алтын бұйымдарды жымқырған. Себебі алтын мен ақша қалтаға басып шығуға өте ыңғайлы әрі еш күдік туғызбайды. Тұрмыстық техникаларды үптегендей аса бір күдік туғызуға себеп болмайды. Жаз мезгілі кезінде көпшілік жан-жаққа демалуға кететіні белгілі. Осы кезде пәтер ұрлығының нағыз «гүлденетін» уақыты. Үй егелерінің жоқтығын ұрылар ұтымды пайдаланады. Тұрғындар өз дүние мүлкіне көп жағдайда немқұрайлы қарайтыны жасырын емес. Терезелерге тор орнатуды, бейнебақылау қоюды, тіпті таныстарына тапсырып кетуді де артық санайды. Соңына ұрыларға жем болады. Тәртіп сақшылары арнайы рейд кезінде ұрылардан сақтану жолдарын айтып, түрлі парақшалар таратып жатады. Алайда ескертпені қаперге алатындар аз… Ауылдарда мал ұрлығы өршіп тұрғаны жасырын емес. Дегенмен Түркістан облысында ұрлыққа, оның ішінде мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жұмыстың нәтижелері жақсарған. Яғни ауыр санаттағы мал ұрлығы бойынша 65 жайт тіркеліп, оның 42-сі ашылған. Ашылу пайызы 67,7-ні құрайды. Жалпы 400-ден астам мал ұрланса, оның 190-ы иелеріне қайтарылған. Әрбір ұрлық тәртіп сақшылары тарапынан жіті зерделеніп отырады. Тіркелген мал ұрлықтардың жартысынан көбі жайылымнан кеткен. Бұнда да мал егелерінің жайбарақаттығы малынан айырылуына басты себеп болып табылады. Малды қараусыз қалдырып, жайылымға жібере салатындар көп. Оның үстіне сырғалау, GPS чип орнатуды да артық көреді. Мұның барлығы да ұрылардың қақпанына түспеудің төте жолы екендігімен шаруалары жоқ. Түркістандық тәртіп сақшылары жыл бойына мал базарларда ескерту парақтары таратылып, алдын алу шаралары жүргізіліп отырады. Түркістан облысы ПД барлық аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларында профилактикалық іс-шаралар жүргізу, оны жетілдіру жұмысы күн тәртібінен түспек емес. Ұрлықтың алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.