Түркістан облысының тәртіп сақшылары барлық қылмыс түрлерін ашуда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Мал ұрлығы, пәтер ұрлығы тағы да басқа қылмыс түрлерінің ашылу деңгейі жоғарылап келеді. Одан бөлек, түрлі қылмыстардың алдын алу үшін сан алуан рейдтік іс шара жұмыстарын атқаруда. Алдын алу шараларының да көрсетер көмегі көп. Бүгінде Түркістан облысының аумағында «Қару» жедел — профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты — заңсыз айналымдағы атыс қаруларын анықтау, тіркеуде тұрған қарулармен жасалатын қылмыстардың алдын алу, отты атыс қаруын тәркілеуге және оны сақтау ережелерін тексеруге бағытталған. Жуырда Түркістан облысына қарасты Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғынның көше бойында шолақ мылтық ұстап жүргенін анықтады. Тура кинодағыдай. Жалғанды жалпағынан басып, көшенің қақ ортасында қару ұстап жүру жүрек жұтқандардың тірлігі болса керек. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркеуге алды. Ақыры қару ұстағыш «батыр» қолға түсті. Тексеру кезінде күдікті ер адам мылтықты темір жинап жүріп, тауып алғанын айтқан. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау мен тасымалдау үшін жауапкершілік қарастырылатыны белгілі. Заңсыз сақталған қаруды немесе оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатындығын тәртіп сақшылары еске салады.