Өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қатерге тігіп, рульге алкогольдік ішімдік ішіп отыратын жүргізушілер аз емес. Олардың біразы қолға түсіп, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайтадан қателігін қайталаудан жалықпайды. Жуырда осындай ессіз жүргізуші қолға түсті. Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өздерінің аумағында рейдтік шара жүргізу кезінде «Opel Zafira» маркалы автокөліктің жүргізушісі көлікті қисалаңдатып айдап бара жатқанын көріп, жүргізушіге тоқтауды бұйырады. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай қаша жөнелген. Оны тәртіп сақшылары артынан қуып барып, тоқтатады. Тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйіне күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындады. Нәтижесінде оның алкогольді масаң күйде екендігі дәлелденді. Сонымен қатар ер адамның бұған дейін Қазығұрт аудандық сотының үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Жүргізуші бұған дейін құқық бұзып, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал автокөлік айыптұраққа қойылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.