Облыс орталығы – туристік аймақ. Рухани астанамыз болғандықтан дүниенің төрт бұрышынан киелі өңірді көруге жылдың төрт мезгілінде де туристер толастамайды. Сондықтан бұл мекен жергілікті тұрғындармен қатар, алыс-жақын шетелдерден, еліміздің басқа өңірлерінен келетін қонақтар үшін қауіпсіз болуы тиіс. Осы мақсатта Түркістан ҚПБ-ға жаңадан тағайындалған басшы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев жеке құрамға нақты тапсырмалар берді. Бірінші кезекте түсіндіру жұмыстарына басымдық берілді. Түркістанның тыныштығын сақтау тек тәртіп сақшыларының ғана емес қоғамның әр мүшесінің міндеті. Осыған орай, Түркістан қалалық Полиция басқармасында қызмет ететін барлық учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық «Қауіпсіз қала» іс-шарасын ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары өздеріне бекітілген аумақтағы әрбір ойын-сауық орындары, дүкендерде, сауда орталықтарына арнайы кіріп, мүлікті қорғау, ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Түрлі кеңестер жазылған ескертпе парақтарын таратты. Сондай-ақ полицейлермен адамдар көп шоғырланатын орындарға жаднамалар жабыстырылды. Одан бөлек бөтеннің мүлкін ұрлау белең алып отырғандықтан, түркістандық полицейлер бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстарын қарқынды іске асыруда. Ескертпе қағаздарында бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз, бейнебақылау камераларының бірін көшеге қаратып орнатыңыз, қандай да бір ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияға бірден хабарласыңыз деген кеңестер жазылған. Сондай-ақ өз дүние мүлкіңізге мұқият болсаңыз өзіңізге де жақсы, тәртіп сақшыларына да көрсетер көмегіңіз көп болар еді. Осы сынды ескертпе, түсіндіру жұмыстарынан оң нәтиже шығады деп күтілуде.