Бүгінде алақан жайып, қайыршылықты кәсіп еткендер аракідік болса да кездесіп қалады. Олардың басым бөлігі шын мұқтаж адамдар емес екендігі анықталып та жатыр. Жуырда Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданында сап сау адамның мүгедектер арбасына таңылып, қайыр сұрап отырғанда қолға түсті. Жетісайлық тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, заңсыздықтарға жол бермеу, орталық көшелердегі адамдар көп келетін орындар мен базар маңында қайыршылықпен айналысып жүргендерді анықтау мақсатында, бақылап, қадағалау жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Мұның барлығы да адамдардың тынышын алмау үшін, қоғамдық орындарда тәртіп саталуы үшін қолға алған. Күні кеше кезекті тексеріс кезінде полиция майоры Еламан Абишев, қайыршылықпен айналысуды әдет еткен 3 тұрғынды анықтап, оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабымен «Қоғамдық орындарда тиісу» хаттама толтырды. Әрине заңға бағынбаған кез келген азамат ол үшін әлбетте жазасын алады. Жауапкершілікке тартылған үшеудің екеуі жергілікті тұрғын болып шықты. Ал біреуі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ол үшінші мегаполистен арнайы осында келіп тіленшілікпен айналысып жүрген. Қайырымды адамдардың тастаған тиін тебенін місе тұтқан үшеу мұның алдында да ескерту алған болып шықты. Алайда нәтиже нөл. Молырақ тиын табу үшін олар адамдар көп баратын орталық базарды таңдапты. Дені сап сау болса да өзін өтірік «жарнамалап», жүре алмайтын мүгедек етіп көрсетіп, мүгедектер арбасына отырып алған шымкенттік ер адамның әрекеті жай көзбояушылық екені белгілі болды. Яғниғ ыждағатты тексеру барысында оның өз аяғымен жүре алатыны анықталды. Адамдардың аянышын тудырып сол арқылы молырақ нәпақа таппақты көздеген тіленшінің өтірігі әшкере болды. Сондықтан да көшеде алақан жайып отырған қайыршылардың барлығы да шын мұқтаж адам ба соған көз жеткізіп алып қана қайырымдылық жасауға болатынын анықтап алыңыз дейді тәртіп сақшылары.