Заң талаптарының қатаңдатылғанын біле тұра масаң күйде рульге отыратын көлік жүргізушілері әлі де азаяр емес. Тәртіп сақшылары оларға қарсы күрес жүргізіп, жол қауіпсіздігін сақтау үшін дамыл таппай қызмет атқаруда. Әрине мас жүргізуші өзі ғана зардап шекпей айналасындағы өзге біреулердің өміріне қауіп төндіріп жатса қайғының үлкені сол. Түркістан обысына қарасты Мақтаарал ауданының полицейлері түнгі қауіпсіздікті сақтау мақсатында рейдтік шара жүргізген боатын жуырда. Қырағы полиция қызметкерлері Алғабас ауылына баратын тас жолдың бойында алдыңғы айнасы сынып, сызат пайда болған «Ауди» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Полицейлер оның мас күйіне күмән келтіріп, оған медициналық сараптама тағайындады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені анықталды. Тәртіп сақшылары аталған деректі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеп, аудандық сотқа жолдады. Әрине сот заң талабына бағынбағандарға жеңіл жаза тағайындамайды. Мақтаарал аудандық сотының шешіміне сәйкес, жүргізуші кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұл мысал өзгелерге сабақ болса игі.