Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданы әкімдігімен аудандық прокуратураның бірлескен жиыны өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес «Аудан аумағындағы жайылым жер мәселелеріне қатысты 6 айда атқарылған жұмыстары мен алдағы тұрған міндеттері туралы» аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев, «Аудан аумағында орман, дала өрттерімен күрес, олардың алдын алу және шомылу маусымына дайындық шаралары туралы» аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Әуелбеков баяндама жасады. Мәжіліс барысында аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамашыларға және бөлім мекеме басшылары мен ауылдық округі әкімдеріне сұрақтар қойып, бұл бағытта жұмыс бар екенін, бірлескен жұмыстар нәтижесінде 10 мың га. жер қайтарылғанын атап өтіп, елімізде жылдар бойы шешімін таппай отырған өзекті және негізгі сұрақтардың бірі – елді мекендерде жайылым жер тапшылығы екенін айтып, тиісті жұмыстарды жандандыру қажеттігін ескертті. Жайылым жер мәселесін шешу бағытында Қазақстан Республикасы Президенті мен Бас прокуроры тарапынан тапсырмалар берілгенін, тапсырма орындалу қажеттігі талап етіледі. Біздің ауданда осы бағытта нақты жұмыс жайылым жерлерді ел игілігі үшін қайтарып беру жұмыстары басталғанымен қазіргі таңда бірқатар ауылдық округтерде өз деңгейінде жүргізілмеуде екендігін де атап өтті. Сонымен қатар, шомылу маусымына байланысты суға тұншығу жағдайлары соңғы уақытта жиі тіркеліп жатқандығына тоқталды. Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков аталған мәселелер бойынша орындау үшін ауыл әкімдері мен тиісті бөлім, мекеме басшыларына мерзімін белгілеп, нақты тапсырма жүктеді. Жалпы бүгін аудан әкімдігімен аудандық прокуратураның бірлескен жиынына аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен бөлім, мекеме басшылары және ауылдық округі әкімдері қатысты.