Жол ережелеріне бағынып, жолдағы қауіпсіздікті сақтау ең алдымен жүргізушілерге қажет. Өйткені өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігін сақтау осы талаптарға байланысты. Бүгінде Түркістан облысында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы жүріп жатқаны белгілі. Іс-шара барысында қозғалыс қауіпсіздігі үшін автожолдардың апатты-қауіпті учаскелері мен жөндеу жұмыстары орындары да қосымша тексеріледі. Шара барысында жол ережесін бұзғандар топырлап қолға түсіп жатыр. 655 құқық бұзушылық анықталып, 18 автокөлік айыптұраққа қойылды. Осыған орай ТО ПД Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Республикалық маңызы бар тас жолдарда күні-түні тыңғылықты жұмыстар атқаруда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алып, көлік қозғалысын реттеу үшін арнайы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде батальон қызметкерлері іс-шара басталғалы 655 құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік шара көрді. Атап айтсақ, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» — 2, 596-бабы» Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» -2, 590-бабы»Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 2 хаттама толтырылды. Сондай-ақ 18 автокөлік айыптұраққа қойылды. Түркістан облысының полицейлері барша көлік басқару құқығына ие азаматтарға құқық бұзушылыққа бармай, өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін жолда жүру ережелерін қатаң сақтап жүру керектігін ескертеді. «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізудегі басты мақсат — жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, облыс жолдарында апаттылықты төмендету болып табылады. Патрульдік полицияның мақсаты – жол көлік оқиғаларының негізгі себептерінің алдын алу. Сонымен қатар жылдамдық режимін бұзу, басып озу, маневр жасау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, мас күйінде көлікті басқару және тағы басқа құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Тек арнайы рейд кезінде ғана заңға бағынып, басқа уақытта «жағаны жайлауға жібермей» әрдайым ережелерге бағыну ең алдымен өз қауіпсіздігіңіз үшін маңызды.