Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы полиция басқармасы штаб тобының аға инспекторы полиция подполковнигі Сухраб Әбдінәбиұлы ұзақ жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. ҚР ІІМ-нің Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы оқу орталығын (бұрынғы ҚР ІІМ Шымкент заң колледжі) бітірген соң, еңбек жолын 1998 жылы бастаған жас маман әке жолын қуып, қиын да тәуекелге толы полицей қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар аралығында жедел уәкіл, учаскелік полиция инспекторы, штаб инспекторы және ІІМ оқу орталығында оқытушылық қызметтер атқарған полиция подполковнигі бес бала тәрбиелеп отырған өнегелі әке. Аудандық полиция басқармасының жүрегі саналатын штаб қызметінде 2016 жылдың мамыр айынан бері қызмет атқарады. Әріптестеріне сыйлы, құрметті, білікті де білімді полицей – ұжымының мақтанышы. Әкесі Ирназаров Әбдінәби – Сайрам АПБ-да қызмет атқарып, басқарма бастығының орынбасары лауазымында подполковник шенімен құрметті еңбек демалысқа шыққан ІІО-ның ардагері. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әке кәсібін жалғастыруды Сухраб жастайынан қалады. Полицияның табандылық пен қайсарлықты, тәртіп пен шыдамдылықты, шешім қабылдағыштық пен тездікті талап ететін жауапты жұмысына күш-жігерін аямаған жас маман – бүгінде полиция подполковнигі. 2014-2016 жылдары магистратурада оқыған. Ұжымында жұмысымен бірге әзілді де қатар алып жүретін, әрқашан жүзінде күлкі, көзінде мейірім тұнған білікті де әділ полицей әріптесіміз Ирназаров Сухраб Әбдінәбиұлының еңбек жолы өзінен кейінгілерге үлгі боларлықтай.