Бүгінде Президенттен бастап, барлық орган басшылары, мекемелер толығымен әлеуметтік желіде парақша ашып, елмен кері байланыс орнатуда жұмыс жасауда. Мұның негізгі мақсаты — ашықтықтықты қамтамасыз ету, атқарылып жатқан жұмыстарды елге көрсете отырып, жұртшылыққа жақын болу десек, Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов те, фейсбук желісінде өте белсенді. Облыстың бас полицейі желіде өзіне келген сұрақтар мен мәселелерді назардан тыс қалдырмайды. Ал бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған, генералға өзінің өтінішін айтып хабарласып, оң нәтиже көрген тұрғынның шынайы көңілі, алғысына арналмақ. Нақтырақ айтсақ, генералдың парақшасына Түркістан қаласы О.Жарылқапов көшесінің тұрғыны Эльмира Сартаева пікір жазады. Онда көшелерінде көліктер қатты жылдамдықпен жүретіні, соның алдын алу, болдырмау жолдарын қарастырып, мүмкіндік болса бейнебақылау камераларын орнатуға өтініш білдірген. Тұрғынның уәжі бойынша Мұрат Қабденов, сол мезетте тиісті құрылым басшысына тапсырма беріп, істі бақылауға алды. Нәтижесінде полицейлер аталған көшеге барып, өтініш иесімен кездесті. Әйелге бұл көшеде жол қауіпсіздігін сақтау үшін 3 дана «Сергек» камералары орнатылғаны айтылды. Одан бөлек, Э.Сартаеваның уәжін қанағаттандыру мақсатында, көшені толық зерделеп, қарап шықты. Содан супермаркет тұсына жаяу жүргіншілер өткелі жол таңбасын сызып, екіжақтама жаяу өтпенің 2 данасын орнату үшін әкімдіктегі тиісті мекемеге нұсқама жолданды. Әлеуметтік желіге жазып, жазбасы бойынша жұмыс жүргенін көрген әйел, генералға аналық алғысын білдірді. Жұмысына табыс, сәттілік тіледі! Иә өздеріңіз көріп отырғандай түркістандық тәртіп сақшылары «жұртқа жақын полиция қағидатын» құруда жақсы жұмыс өрнегін көрсетуде.