Қазақстанның бірқатар әскери бөлімдерінде, әскери басқару органдарында, Құрлық әскерлері әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында әскери міндеттілердің жиыны өтіп жатыр. Әскери-есептік мамандыққа және жалпы әскери пәндерден 1500-ге жуық адам бір ай бойы дайындықтан өтеді. Жиынға шақырылған азаматтар далалық лагерьге орналастырылып, тамақпен және заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі. – Оқу-жаттығу жиыны әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, әскери оқытылған резервті даярлау, қайта даярлау және жинақтау мақсатында өткізіледі. Курс бағдарламасын табысты меңгерген әскери міндеттілер кезекті әскери атағын алады, – деді Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Сәкен Жүсіпов. Қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтардан кейін жиындарға қатысушылар қару-жарақ пен әскери техниканы зерделейді, оларды пайдалану жөнінде нұсқама алады. Содан кейін практикалық сабақтар ұйымдастырылады. – Мен әскерден келгелі он жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді, заманауи технологиялар пайда болды. Жиындардың арқасында әскери ортаға қайта оралып, білімімді жаңартып, қайта машықтандым, – деді Аягөз гарнизонының әскери бөлімінде дайындықтан өткен жиынға қатысушы, запастағы ефрейтор Серік Қанапиянов. Жиын кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, лауазымы, оған сәйкес келетін орташа айлық жалақысы сақталады және бұл республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетінін айта кеткен жөн.