«Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасы барысында құқық қорғаушылардың құрығына жүгенсіз кеткен жүргізушілер топырлап түсіп жатыр. Әрине жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау тек шара барысында ғана қажет емес, жолда жүретін кез-келген жүргізуші ең алдымен өз қауіпсіздігі үшін ұстануы қажет. Сонда өзіне де, өзгеге де кесірі тимейді. Түркістан облысында шара барысында Патрульдік полицейлер мас күйінде көлік жүргізуге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге, төтенше жағдайды жасауға, басып озу, жол қозғалысы, маневр, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбауға және ұялы телефонмен сөйлесуге байланысты ережелерді анықтауға назар аударды. Тәртіп сақшылары шара басталған 5 тәулік ішінде 1568 әкімшілік хаттама түзді. Оның ішінде мас халде автокөлік басқарғаны үшін — 4, жалған мемлекеттік нөмір таққан – 2, қарсы бағытқа шыққаны үшін – 4 хаттама толтырды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қоғамдық автокөліктерге тексеру жұмыстарын жүргізіп, 69 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтар болсақ, 4 автобус заңсыз жатын салонымен жабдықталғаны анықталып, мемлекеттік белгісі алынды. Жалпы айыптұраққа 39 автокөлік қойылды. Тәртіп сақшылары бұл бағыттағы шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіп, жүргізушілерге жол қауіпсіздігін насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстарын жасайды.