Ауылдағы ағайынның күнкөрісіне жарап тұрған төрт түлікке жаудай тиіп, мал ұрлауды кәсіп қылған барымташыларға қарсы «майдан» ашылғалы қашан. Құқық қорғаушылар мал ұрлығына қарсы ауқымды жұмыстар атқаруда. Осыған орай ҚР ішкі істер министрлігімен мал ұрлығының алдын алу мақсатында «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жоспарлы бағдарлама» жасалынған. Аталған бағдарламаға сәйкес, мал ұрлығы қылмыстарының алдын-алу, заңсыз тасымалдауды болдырмау мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бағдарлама барысында мал тасымалдаушыларды, мал базарларын жіті тексеруде. Түркістан облысына қарасты Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Созақ-Шымкент тас жолы бойында тексеру жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде жүк көлігін тоқтатып, тексеру кезінде оның ветеринариялық құжатсыз бір бас айғырды заңсыз алып бара жатқанын анықтады. Сонымен қатар «Газель» автокөлігімен тағы бір тұрғынның Созақ ауданынан Сайрам ауданына 10 бас бұқа мен 1 бас сиырды мал базарға алып бара жатқаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері аталған көлік жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша хаттама толтырды. Төрт түлікке арнайы сырға салынып, құжат дайындалатыны белгілі. Алайда тасымалдаушылар заң талаптарын белден басып, заңсыздыққа баруда. Дегенмен құқық қорғаушылардың құрығынан құтыла алмасы тағы анық. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретін болады. Сондықтан да тұрғындарға заңсыз мал тасымалдауларға, белгіленбеген орындарда малды сою, ен-таңбалары жоқ малдарды саудаға салу деректерін болдырмау мақсатындағы жұмыстардың тоқтамайтындығын еске салады. Сондықтан уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, құжаттандыруға кеңес береді.