Бүгінде медиаторлар ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл өз кезегінде құқық қорғаушылардың жұмысын жеңілдетіп отырғаны сөзсіз. Әрі қос тарапты келісімге келтіріп, татуластыру үшін де кәсіби біліктілік ауадай қажет-ақ. Күні кеше «Қазақстан халқы Ассамблеясының Медиация кабинеттерінің ашық есік күні» республикалық акциясы аясында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті ашық есік күнін өткізді. Облысымыздың барлық қала, аудандарында өткен іс-шара аясында өңір тұрғындарына құқықтық кеңестер беріліп, дауласушы тараптар мәмілеге шақырылды. Осы күні облыстық Ассамблея Түркістан қалалық «Аmanat» партиясы филиалының ғимаратында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ-нің эксперті-медиаторы Қасым Ағабеков, «AMANAT» партиясы Түркістан ОФ Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Берік Құлжанов, сондай-ақ кәсіби медиаторлар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары және қала тұрғындары қатысып, өңірде медиация ісін ілгерілету жайын талқылады. Жиында сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов өркениетті елдерде бүгінде медиация институтына мықтап ден қойылып жатқанын, медиация ұғымы қазаққа да жат емес екенін тілге тиек етті. – Билеріміз кез келген дауды келісіммен шеше білгендігін тарихтан білеміз. Елімізде медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның іргесі заң болса, тұғыры – құқық. Бүгінде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-сі жанынан 1 және аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті ашылған, оларда 263 медиатор жұмыс істейді. Облысымыздың қала мен аудан аумағындағы кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлардың ықпалымен дау-дамайларға нүкте қойылып, тараптар өзара келісімге келуде, — деді басшы орынбасары. Жиында белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 31 сессиядағы шешіміне сәйкес, қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің базасында этномедиация оқу орталығын құру бойынша ұсыныс жолданған. Қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының бірі ретінде Медиация кеңесі қызмет атқарады. Кеңестің 13 мүшесі бар. Кеңес төрағасы — Түркістан облыстық сотының судьясы Бауыржан Тәңірбердиев. Аталған кеңес облыстағы қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде медиация институтын дамытуға, этносаралық қатынастар саласындағы медиацияның отандық және шетелдік тәжірибесін зерделеуге өз септігін тигізуде. Келелі жиында «Қоғамдық келісім» КММ-нің сарапшысы Мақсат Әмен облыстық ҚХА жанындағы медиация кабинетінің атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндап өтті. Оның мәлімдеуінше, жыл басынан бері этнос өкілдерінің қатысуымен болған 59 оқиғаның 41-і медиация тәртібімен оң шешімін тапқан, ал, қалған 14-і өзара келісімге келу арқылы шешілген. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Түркістан облыстық және аудандық соттармен бірлесе облыс көлемінде медиация институтын дамытуға бағытталған 29 іс-шара өткізіліп, оған 3 мыңға жуық адам қатысқан. Жиын соңында өңірімізде медиацияның дамуына белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапатталды. Оларға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаевтың Алғыс хаты табыс етілді.