Бүгінде маңдай терін тамшылатып еңбек етіп, ақша табудан гөрі аңқауларды торына түсіріп, алаяқтықпен оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қатары көбейіп кеткені рас. Оған бір себеп азаматтардың алаяқтардың құрығына өздері барып түсетіндігі болып отыр. Осыған орай, тәртіп сақшылары мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу мақсатында түрлі шаралар өткізуде. Соның бірі алаяқтардан сақтану жолдары туралы арнайы бейнероликтер дайындап, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Түркістан облысында алаяқтық қылмысы бойынша өткен жылдың 7 айында 254 жайт тіркелсе, ағымдағы жылы 261 жайт тіркеліп, өсім байқалады. Оның ішінде 141 интернет-алаяқтық дерегі ашылды. Бұл полиция қызметкерлерінің тиянақты жүргізген жұмыстарының нәтижесі деуге болады. Тәртіп сақшылары орын алған қылмыс деректеріне терең талдау жүргізіп отырады. Белгілі болғанындай аталған қылмыс түрлерінің ішінде басым көпшілігі өзгенің атынан несие рәсімдеу, жұмысқа тұрғызуы бойынша уәде беру, түрлі мемлекеттік жәрдемақылар шығарып беру, әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жасау болып келеді. Бұл қылмыстың алдын алу бойынша түркістандық полицейлермен атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар өз нәтижелерін беруде. Дегенмен де әлі де алаяқтың арбауына түсіп, барынан айырылып қалғандардың қатары азаяр емес. Салдарынан осы санаттағы қылмыстың өсуі байқалады. Алаяқтық қылмысын болдырмауда ең тиімді тәсіл, тұрғындарды алаяқтың құрбаны болудан сақтыққа шақыратын кең көлемді құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Мұны ескерген тәртіп сақшылары үнемі тұрғындармен профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Мәселен облыс, қала, ауданның полицейлерімен алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында ескерту шаралары туралы бейнероликтер дайындалып, күнделікті аймақтық жергілікті телеарналарда, әлеуметтік желілерде, қала орталықтарында орнатылған жарнамалық баннерлерде көрсетілуде. Азаматтарды күнделікті алаяқтық қылмыстарынан сақ болуға шақырып, тұрғындардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек 1000 дана жапсырма қағаз ілініп, 3000 дана жадынама таратылды. 5 үлкен баннерлерде алаяқтық қылмысы бойынша ескерту, қауіпсіздік шаралары көрсетілді. Жалпы учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтағы жергілікті халықпен тұрақты «Алаяқтың арбауына түспейік», «Пәтер мен жер телімін, сондай-ақ банктерден несие алу тәртібі» тақырыбында кездесіп, сұхбаттар өткізуде. Алдағы уақытта аталған бағыттағы іс-шаралар жалғасын табатын болады.