Қоғамдық көлік жүргізушілері көп жағдайда салондағы қаншама адамның тағдырына жауапты екендіктерін ескермейтіні өкінішті. Бағытқа таласып, жол бойында бір-бірімен жарысып жүйіткитін де автобус жүргізушілері. Бүгінде жүгенсіз кеткен жүргізушілерді тәртіпке салатын түрлі іс шаралар, рейдтер жүргізілуде. Түркістан облысы ПД-нің қызметкерлері «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында күшейтілген қызмет жүргізу түріне көшіп, рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Аталмыш жедел-профилактикалық іс-шараның 16 тәулігінде облыс полицейлерімен 19223 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша 3505 дерек, 593-бабымен «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» — 3836 жайт тіркеліп, әкімшілік хаттама түзілген. 82 жүргізуші масаң халде көлік құралын басқарғаны анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, заңды шешім қабылдау үшін жинақталған іс құжаттар сотқа жолданды. 708 жүргізуші жылдамдық режимін бұзса, 651 жүргізуші маневр жасау ережесін елемеген. Бағдаршамның тыйым салу белгісінен 177 жүргізуші өтіп кетсе, 45 көліктің жолдың қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу дерегі анықталды. Тәртіп сақшылары көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 1608 жүргізушіні, авариялық жағдай туғызғаны үшін 126 көлік тізгіндеушіні жауапқа тартты. Ал қоғамдық көлік жүргізушілері жасалған 483 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жүргізушілері жауапкершілікке тартылды. Айыптұраққа жалпы 600-ден астам көлік қойылды.