Заңсыз қоқыс тастаушылармен күрес күшеймек. Алдағы уақытта қоқыс тастап, құқық бұзушылыққа барғандар анықталса, заңға сәйкес шара көрілетін болады. Қала тұрғындары мен қонақтары мәдениет ауылынан алыстамай, қоқыс тастау мәдениетін үйренетін шығар осы шаралардан кейін. Түркістан — туристік аймақ әрі барша түркі жұрты үшін киелі мекен! Ал осынау аты әлемге танымал, рухани астананың қауіпсіздігі мен тазалығы басты орында болуы шарт. Бұл бағытта тиісті мекемелер күні-түні жұмыс жүргізуде. Десек те облыс орталығы табиғатын одан ары әсемдеу, заңсыз қоқыс тастау мәселелерін зерделеу мақсатында маңызы зор басқосу өткізілді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары, Бас мемлекеттік экологиялық инспектор Нұрболат Нұржас, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының маманы «Сергек» жобасының жетекшісі Макұлбек Сүндетбек, «Көркем Телеком» ЖШС Түркістан облысы бойынша директоры Абзал Саттаров, Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникацялар бөлімі ММ Сектор меңгерушісі Мейрамбек Момбеков, Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникацялар бөлімі ММ инспекторы Мадияр Абдраев, Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бастығы полиция подполковнигі Сәбит Бахтығалиевтер арасында келелі кездесу ұйымдастырылды. Өз жұмыстарының білікті басшылары, Түркістан қаласының тазалығына баса назар аударып, қаланы аралады. Әсіресе заңсыз қоқыс тасталған аймақтарға барды. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол бермеу мақсатында, заңсыз қоқыс тастау жайттары жиі орын алатын аумақтарға бейнебақылау камераларын қысқа мерзім ішінде қоюға уағдаласты. Мұндай кездесудің нәтижесінде жасалған жұмыстар тұрғындардың қаланы ластауына жол бермей, таза мекенде өмір сүруіне септігін тигізбек. Әрине, қала тұрғындары мен қонақтары, өз саулығы үшін қоқысты арнайы орындарға ғана жеткізу қажеттігін не болмаса тазалық мамандарының сапалы қызметін сыйлау қажет екендігін есте ұстаса. Алдағы уақытта қоқыс тастап, құқық бұзушылыққа барғандар анықталса, заңға сәйкес шара көрілетін болады. Жалпы қаланы ластаушылар қатаң қадағалауға алынып, камера арқылы дер кезінде анықталып, жауапкершілікке тартылатын болады.