Тәртіп сақшылары заңға қайшы іс-әрекеттерді жасауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Алайда аталған талаптарды естен шығаратындардың қатары аз емес. Біреуге ақша қарызға беру де, оны алу да бүгінде оңай емес. Қолхат алып, ертеңгі күні оны қайтармаған жағдайда заң аясында әрекет етуді көп азаматтар қиынсынатын сынды. Ақырында күш көрсетіп, ақшамды аламын деп өздері опық жеп жатады. Түркістан облысына қарасты Жетісай аудандық полиция бөліміне Мақтаарал ауданының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, оны танысы үйіне шақырған. Араларында болған түсініспеушілік соңы дау жанжалға ұласып, салдарынан өзін ұрып соққанын жазып көрсетті. Тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін, оқиға орнына бірден жетті. Полицейлердің атқарған жедел әрекеттерінің нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті Жетісай қаласының тұрғыны болып шықты. Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші жақсы таныстар. Олардың араларында бірнеше жылдан бері ақшаға қатысты түсініспеушілік орын алып жүрген. Оқиға болған күні күдікті ер адам «қарыз ақшаны қашан қайтарасың?» — деп, жәбірленушіні үйінде түнгі 22:00 шамасына дейін ұстап, ұрып соққыға жыққан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 389-бабы «Өзінше билік ету» бойынша тіркеп, сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.