Оқу жылы алдында әр өңірде «Сағатымыз азайып, жалақымыз қысқарғалы жатыр» деген жанайқайымен ұстаздар жиі жиналып жатыр. Соңғы бір аптада әр өңірден дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері «министр бұрынғы білім беру жүйесін қалпына келтірсін» деген талаптарын айтып, наразылыққа шыққан еді. Енді бұл топқа орыс тілі және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері қосылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. Оқу жылының басталуына санаулы ғана күн қалғанда, сағатымызды азайтқандар ертерек ескертуі керек еді дейді ұстаздар. Бірнеше жылдан бері мұғалімдер мәселесіне қатысты ойын ашық айтып жүрген ұстаз Айман Сағидолла болса, «Мектепте Аймағамбетов отырған жоқ, отырған біз білеміз сағаттардың қысқарып жатқанын» деп сұхбат берді. Ал осындай шағыммен күн сайын көптеген мұғалім өзінен қолдау күтіп хабарласып жатқанын айтқан депутат Ирина Смирнова, «егер шенеуніктер, ұстаздың айлығы көбейіп кетті деп сағатын қысқартып жатса, өздері де айлықтарынан бас тартсын» дейді. Министрдің бұйрығын бұрыс деп жүргендердің басым көпшілігі – дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. “Министрдің бұл шешімі дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені Қазақстандағы барлық дене шынықтыру мұғалімдерін бір шыбықпен айдап отыр. Қазір бәрін біріктіріп тастады”, – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айдын Дүйсен. Айнұр Нұрсейітқызының күйеуі де дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ұлы да осы мамандық бойынша университет тәмамдап отыр. Алайда бос орын болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүр. Енді отағасының да сағаты қысқарып отыр. Әйел мұндай шешім шұғыл қабылданбауы керек екенін айтады. Алматы облысы Іле ауданындағы бірнеше мектептің орыс тілі мұғалімдері де бас көтерді. “Тура 2 апта қалғанда белгілі болды. 24 оқушымен бөлінеді деді, ал енді бөлінбейтін болып отыр. Сондықтан Іле ауданының барлық мұғалімдерінің атынан келіп тұрмыз”, – дейді орыс тілі мұғалімі Ғалия Жапқараева. Бастапқыда әкімдікке 24 мұғалім келмек болған. Алайда олардың көпшілігіне мәселесін қозғауға мектеп директорлары тыйым салған. Ал әкімдік өкілдерімен кездескен бірнеше мұғалім халық саны көп ауданның кәсіпкерлері оқушыларды бөліп оқытуға жағдай жасаса екен деген ниеттерін жеткізді. “Бір сыныпта 24 оқушы болса, екіге бөлінеді деген. Бірақ біз аудандық білім бөліміне жүгінгенде, оны жергілікті әкімдік шешеді деп жауап берген”, – дейді орыс тілі мұғалімі Зейнеп Исмаилова. Мұғалімдермен кездескен Іле ауданы әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев: “Бөлінеді деп отыр. Бұйрық шыққанымен, әлі нақты қолданысқа енген жоқ. Мәслихатта қабылданып, шешім шыққан жағдайда, оны қарастырамыз”, – дейді. Оқу-ағарту министрінің жаңа өзгеріс туралын шешімін мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да сынға алды. Ол күн сайын мұғалімдерден шағым хат келіп жатқанын айтады. Соңғы 50 жылда қалыптасқан білім беру әдісін өзгерткісі келген министрлік қандай ғылыми негізге сүйеніп, мұндай шұғыл шешім қабылдағанын түсінбей отыр. “Бір-ақ сәтте, оқу жылына 2 апта қалған сәтте, министрлік ауыстыра салды. Қандай да бір ғылыми негізге, тәжірибеге сүйенді ме? Шешім шықты, бітті, талқыланбайды деген әдеттегі авторитарлы әрекет пе, бұл?” – деді депутат. Ирина Смирнова мұғалімнің мәселесін шешудің орнына, оған мәселе тудырсақ, “Педагог мәртебесі” туралы заңды не үшін қабылдадық дейді. “Егер бұл бюджеттің шығынын азайту үшін жасалса, онда алдымен шенеуніктер өзінің жалақысын азайтсын”, – дейді депутат. Педагогтердің мәселесін қоғам алдында ашық қозғап жүрген Айман Сағидолла да министрліктің шұғыл шешім қабылдағаны дұрыс болмағанын айтты. “Бірден қабылдағаны дұрыс болмады. Сағатты қысқартуға жылдар бойы дайындық керек еді. ЖОО-да дене шынықтыру мұғалімдерін дайындайтын топтарға студенттерді аз қабылдап, солай бастау керек еді”, – дейді ол. Айман Сағидолланың сөзінше, зейнет жасына шыққан ұстаздар жастарға орын босатуы керек және мұғалімдердің сағаты қысқарған жоқ деп мәлімдеме жасаудың қажеті жоқ, кейбір мұғалімдер сағатынан ғана емес, жұмысынан да айырылайын деп отыр. “Аймағамбетов бір сұхбатында сағаттар қысқарып жатқан жоқ деп айтады. Сағаттар қысқарып жатыр. Өйткені мектепте Аймағамбетов отырған жоқ, біз отырмыз. Біз білеміз”, – дейді ұстаз.