ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская Президент Жолдауының тиімді іске асуы Үкіметтің құзыреттілігіне байланысты екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Президент Жолдауында өте көп міндет жүктелді. Бірақ олар біз жетуіміз керек мақсаттарға ғана. Оған қалай жетеміз деген мәселе өз алдына маңызды. Яғни Жолдаудың іске асуы Үкіметтің жалпыұлттық жоспарға қандай тетіктер енгізетініне де байланысты. Жоспарға Жолдаудың зейнетақы туралы үзіндісін қиып алып, орындаушының тұсына БЖЗҚ-ны бекіте салуға болмайды деп ойлаймын. Өйткені Жолдаудың әр пункті мұқият есептеп, тетіктерін егжей-тегжей ойластыруды қажет етеді», деді депутат Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сарапшылар кеңесінде. Сондай-ақ, ол Жолдауда айтылған «Қолайлы мектеп» жобасын солтүстік өңірлерге халық қоныстандыру саясатымен үйлестіріп іске асыруды ұсынды. «Мектептерде 800 мың қолайлы орын қалыптастыру туралы тапсырмасын ғана алып қарайық. Бұл бүкіл оқушылардың бестен бір бөлігі деген сөз. «Қолайлы мектеп» жобасына қатысатын білім ошақтары қалай іріктеледі, базасы қайда болады? Осының бәрі тереңдеп талдауды керек етеді. Әсіресе өңірлердегі мектептерді зерттеу керек. Солтүстікке көшіңіздер деген ұран көп. Бірақ барған кезде қыл аяғы дұрыс мектеп те жоқ болып шығады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған мектептер әлі тұр. Яғни, Жолдаудың тиімді іске асуы тетіктері қаншалықты сауатты пысықталғанына байланысты болмақ. Бұл тек Үкіметтің ғана емес, сарапшылар қауымының да, депутаттар корпусының да жұмылуын талап етеді», — деді Юлия Кучинская.