Азаттық алып, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан соң ешкімге жалтақтамай, өшкенімізді жаңғыртып, тіліміз бен дінімізді түзедік. Құдайдан зор үміт күтетін Мұхаммед үмметінің санаты күн санап артып жатқанына шүкір дедік.
Ыстамбұл қаласындағы «Ыстамбұл» университетіне магистрлік оқуға барып, көктемнің жаймашуақ күндерінде іс-тәжірибеден өткен едім. Мамыражай жатқан елді көріп, өз елімізде жүргендей әсерде болдық. Ыстамбұлға әртүрлі мақсатпен сырттан келіп-кетіп жатқан шетелдік мыңдаған туристерді түрік халқы жатырқап та, жатсынып та жатқан жоқ. Ал біз білетін бір ақиқат – қазақ пен түрік – ежелден ағайын, бауырлас халық. Еліміз тәуелсіздігін алғанда, тәуелсіздігімізді мойындап, алдымен риясыз тілектестігін білдірген де Түрік елі болатын. Әрине, екі ел арасындағы достықтың тамыры тереңде жатқаны мәлім, бастысы тыныштық пен береке-бірлік болса, әлі талай асуларды алатыны анық.
Қазақ атамыз «Бір күнгі ұрыстың қырық күн кесірі болады», – деп бекер айтпаған. Өткен аптада Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болған бүлікшілер туралы естігенде, түбі бір туысқан халықтың жағдай бізді де бей-жай қалдырмады. Қай уақытта, қай елде болмасын тыныштықтан асқан береке жоқ екені белгілі, діңгегі берік ел атанған бауырлас түрік халқына әрдайым тыныштық пен тұрақтылық тілейміз.
Бейбіт күнде неге оқ атылды?..
Бүгінде бүкіл әлемді лаңкестіктің елесі кезіп жүр. Осы айдың өзінде Ататүрік атындағы (Түркия) әуежайында, Ниццада (Франция), Бельгияда, Иеменде орын алған лаңкестік әрекеттер әлемді тағы бір дүр сілкіндірді. Қаншама жазықсыз жандар жапа шекті, жақындарынан айрылды. Бұрын мұндай сұмдық әрекеттер бола қалған жағдайда бүкіл әлемді дүр сілкіндіретін. Енді айтуға ауыз бармайтын сондай бассыздықтар тұрақтылық пен төзімділікті ту еткен қазақ даласында да орын алды. Бүлікшілер сыртқы жау емес, өзіміздің қандас бауырларымыз болғаны жан ауыртады. Еркін, азат елдің ішінде жүріп «еркіндікті» теріс жолға пайдаланып, арам әрекеттерге барғандар екен. Бұған дейін Тараз, Ақтөбе (2011 ж) қалаларында орын алған терактінің зардаптарын ұмыта алмай жүргенде, Ақтөбе қаласында (2016 ж) өткен айда орын алған лаңкесшілердің әрекеттері төбемізден жай түскендей етті. Әрине, мұндай қайғылы жағдайдың болуы – өте өкінішті, қаншама жазықсыз азаматтарымыз қаза тапты…
Бұл сойқанның дін атын жамылған радикалды жəне теріс пиғылды ағымдардың белсенді əрекеті екені жария болды. Ресми органдардың мəлімдегендей, бұл қанды оқиғаны ұйымдастырушылар ислам атын жамылған салафилер екені белгілі болды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде болған терактіні «дəстүрлі емес діни ағым – салафизмнің зұлымдық əрекеті» деп айыптады. Салафилік ұйым дəстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтарды күйретуге бағытталып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Елімізде жылдар бойы үздіксіз әрі астыртын, ел санасын оңай жаулау үшін діннің атын жамылып жүргізген əрекеттер тұрғын халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдырып, аса қауіпті əрекеттерге ұрындырады.
Енді міне, кеше ғана Алматы қаласында болған қанды оқиға тағы да тыныштығымызды бұзып, дабыл қақтыруда. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған суреттерден бұл әрекеттің де «авторлары» дін атын жамылған содырлар екені байқалады. Қандықарақшыларды бейбіт елдің тұрғындарына оқ атуға «мәжбүрлеген» не екен? Көкейде жауабын күткен сұрақтар көп! Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікке қауіп төндірген қаныпезерлердің көксегені не болды екен?..
(жалғасы бар)
Тұрар ӘБУОВ,
Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау
орталығының бөлім басшысы,
бас ғылыми қызметкер