(жалғасы)
… Ұлы Жаратушы «Ағраф» сүресінде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп қатаң ескерткен. Жазықсыз жандардың қасықтай қаны төгілмеуі керек еді. «Бөлінгенді бөрі жейтінін» ескермей, ел ішіндегі бөлек топтар, ақырында оқ атып, бүлік жасады.
Бүлікшілердің қанды әрекетінің салдарынан қаншама азамат оққа ұшып, жесір әйел, жетім балалар жазықсыз зәбірленуде.
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ
Дінімізде басшыға бағынып, бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «…Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар…» — деп әмір етеді («Маида» сүресі, 2-аят). «Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы ислам жібін үзгенмен тең», – деп айтылған хадисті ескермей, әлдебіреулердің сол Ислам жібін үзіп, дінге жат әрекетке ортақтақтасулары – мұсылмандықпен еш қабыспайтын жат қылық. Дәл қазіргі таңда бізге керегі – ел ішіне лаң салып жүргендерді лайықты жазалап, пейілі терістерді тізгіндеу. Қай уақытта болсын қоғамнан, жамағаттан бөлінушілік жақсылыққа апармайды, Мұхаммед пайғамбар бұл ақиқатты он төрт ғасыр бұрын былай жеткізген: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін».
Жалпы елімізде тыныш елдің ұйқысын бұзған дінбұзарлардың әрекетінен «арамзалықтың иісі аңқып тұр». Адасудың құрбаны болып, мешіттегі имамға бағынбай, «өз шейхтарының» ғана сөзін тыңдап, шатасқандардың ақырғы қадамы дұрыс болмайды! Лаңкестердің теріс әрекеттеріне, әлі де сондай қара ниетте жүргендерге ұстанған сенімдерінің дұрыс емес екендігін ел болып ескертеміз.
Әсіредіншілдердің санасы бұзылып, мәңгүртке айналған, сақалы ұзарып, балағы қысқарған. Мұны тағы да бір айтпасқа болмайды. Бұған біз де кінәліміз!? Себебі, жақынымызды, өз азаматтарымызды жақсы жолға сала алмадық. Ақыл айтар елдің ақсақалдары көшеде карта ойнап, баласының қайда жүргенінен бейхабар күн кешті. Ата-ана бала бағып, жан сақтаудың қамымен азанда кеткеннен түн қата оралды. Еріккен бала ғаламторды ермегіне айналдырғандықтан, өз еркін жеңе алмаған кейбір жастарымыз шетін уағыздарды тыңдап, шала жансар «діндар» болды. «Ештен кеш жақсы» деген, ендеше, ел ішінде адасып жүрген азаматтарымызды жат ағымдардың ықпалынан арашалап, оларды қорғау, адасқандарды ақылға шақыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мұхаммед пайғамбар: «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді», – деген. Бір елді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремистік және лаңкестік әрекеттер шектен шығушылықтың салдарынан болып отыр. Ел ішіне іріткі салып, дүрбелең туғызып жүрген шетін көзқарастағылар өз арының алдында да, Алла алдында да жауапсыз қалмайтынын білгені жөн.
Илегеніміз – «бір терінің пұшпағы»
Ия, бәріміздің илегеніміз – «бір терінің пұшпағы». Сондықтан ел ішіндегі тыныштықты, ауызбірлікті сақтап, ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу – әрбір ел азаматтарының азаматтық міндеті. Қасиетті Құранда: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді», – деп айтылған аят бар («Мәйдә» сүресі, 64-аят). Жаратушының құзырында құп көрілмеген әрекет халық арасында да хош көрілмейді. Бұл – ақиқат!
Сахаба Һузайфа (р.а.) былай дейді: «Адамдар Алла елшісінен (с.ғ.с.) жақсылық жайлы сұрайтын. Ал, мен сақтанып жүрейін деп жамандық не екенін сұрайтынмын».
(жалғасы бар)
Тұрар ӘБУОВ,
Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау
орталығының бөлім басшысы,
бас ғылыми қызметкер