Биыл Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына Оңтүстік Қазақстан облысы үлкен сый тарту жасап отыр. Алдын ала уәде етілгендей білім күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында мерейтойға орай 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл құрғақ уәде болып шыққан жоқ. Дәл уақытысында тапсырылды мектептер. Жаңа мектептердің қатары артуына орай мектеп табалдырығн аттайтын бүлдіршіндердің саны да көбейіп отыр биыл. Жаңадан ашылған білім ошақтарының 2-і мектебі жоқ елді мекендерден бой көтерсе, 7 білім нысаны үш ауысымды мектептерді жою үшін салынған. 6 ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, 9 білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал 1 мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған. Атап айтқанда, білім ошақтарының басым бөлігі Мақтарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда 6 мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте 3 білім ошағынан 6 мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта 2, Арыста 2, Түлкібаста 1, Созақта 1 және Шардарада 1 білім мекемесі жұмысын бастады. Жалпы жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстанда 67 білім нысанының құрылысы жүргізілсе, бүгінге дейін соның 34 мектебі мен 4 балабақшасы ел игілігіне беріліп, пайдаланылуда. Жыл соңына дейін тағы бірқатар білім ошақтары елге қызмет етуді бастайды деп күтілуде. Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, жалпы 67 нысан пайдалануға тапсырылғанда өңіріміздегі 26 145 оқушы жаңа оқу ғимаратымен қамтылатын болады. Қазығұрт ауданында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесіне және білім күніне орай ауданымыз алты мектепті сыйға тартып отыр.Атап айтқанда, ауданның Қақпақ ауылынан 300 орындық бір мектеп, Көкібел, Қызылдихан, Жұмысшы және Еңбекші ауылдарынан 200 орындық бес мектеп пен Тесіктөбе елді мекенінен 150 балаға шақталған бір білім ошағы оқушылар үшін есігін айқара ашты. Төрт апатты, екі ыңғайластырылған білім ордаларының жойылуын мақсат еткен бұл құрылыстарға Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаржы жұмсалды.Соның бірі – Қақпақ ауылдық округінен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған 300 орындық Қақпақ жалпы орта мектебі. Бұл мектепке Ұлттық қордан 540 млн. теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме 7 айдың ішінде құрылысты сапалы аяқтап шықты. Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев барша тұрғындарды мерекемен құттықтап, ауыл халқының қуанышымен бөлісті. Салтанатты жиын кезінде С.Тұяқбаев ауданда ашылып жатқан білім ошақтарының ұжымына облыс әкімінің сыйын тарту етті.Жаңа мектептер заман талабына сай мультимедиалық, лингофонды кабинеттермен жабдықталған. Сондай-ақ, физика, химия, биология кабинеттері арнайы талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, қосымша спорт зал мен асхана жайлары да бар. Айта кеткен жөн, биылғы жаңа оқу жылында аудан бойынша 27 мыңнан астам оқушы білім алатын болса, соның биыл 2970-і 1-сыныпқа барды. Білім күніне орай Мақтарал ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған 6 мектеп ғимаратының тұсауы кесілді.Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай пайдалануға берілген білім ұяларының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев қатысып, барша ұстаздар мен оқушыларды жаңа білім күнімен құттықтады. Білім күні 300 орындық төрт және 200 орындық екі мектептің есігі мақтаралдық оқушыларға айқара ашылды.Жаңадан ашылған барша мектеп ғимараттары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен мұнда лингафондық кабинеттер, интерактивті тақталар, мультимедиялық құралдар, жаңа үлгідегі химия және биология кабинеттері оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндіктер туығызары хақ. Сондай-ақ, спорт залдары мен шеберханалар, мәдениет залдары оқушылардың өздері қалаған кез келген спорт пен өнердің түріне баулиды.