Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында бұқаралық спортты дамытуға барынша жағдай жасалуда. Облыс орталығында салауатты өмір салтын ұстану, оны насихаттау, ұзақ қашықтыққа жүгіру сынды іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Жуырда ғана Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыс әкімдігі ұйымдастырған марафонға екі мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. «Дені сау ұлт – Тәуелсіздік тұғыры» деген ұранмен өткен шараға қатысушылар көп болды. Осылай ұрандатқан қатысушылар Д. Қонаев даңғылынан «Наурыз алаңына дейін 5 шақырымды лезде жүгіріп өтті.
ҚР Премьер-Министрі, ҚР Президент Əкімшілігінің Басшысы жəне бірқатар Үкімет мүшелері бастаған қайырымдылық мақсаттағы халықаралық марафон эстафетасына Оңтүстіктің жұртшылығы да үн қосты. Қала тұрғындары, билік өкілдері мен мыңдаған жастар осындай игілікті істе белсенділік танытты. Спорттық шара барысында мәре сызығын бірінші қиған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды арнайы сыйлықтармен марапаттады. Ерлер арасында Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының студенті Абдулазиз Абдукаюмов мәреге бірінші жетті. Ал қыздар арасында «Болашақ» колледжінің шәкірті Анастасия Автушко жеңімпаз атанды. Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген қала. Бүгінде қалада 200 мыңға жуық адам бұқаралық спортпен шұғылданады. Жалпы шаһарда 871 спорт нысаны тіркелген: 314 спорт алаңы, саябақта 15 спорттық тренажер, 11 спорт кешені, 8 бассейн, 124 мектептің спорт залдары жұмыс істейді. Мұның барлығы да тұрғындардың игілігі үшін пайдаланылуға берілген нысандар. Сондай-ақ тамыз айының соңында тағы да екінші марафон ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы игі бастама Оңтүстік өңірінде жыл сайын жалғасын табатын болады. Бұл шараға 4000-нан аса қала тұрғыны қатысты. Биылғы шараның ерекшелігі сол — жалпы қашықтық 7 шақырымға жетті. Марафонда ең жас қатысушы ретінде 8 жасар Нұрсұлтан Құдайберген тіркелсе, жасы ең үлкен атлет 66 жасар Жиленбаев Мұхамедали болды. Жүгіруде 9 жас ерекшелігіне орай 18 спортшы жеңімпаз атанып, облыс əкімінің алғыс хаты мен жүлделі сыйлықтарға ие болды. Одан бөлек тағы 5 марафоншы «Жеңіске ынтасы үшін» номинациясын иеленді. Сонымен қатар ардагерлер арасында шахматтан турнир өткізілді. Ал мемлекеттік қызметкерлер мен қалалық мəслихат депутаттары бильярд жарысына қатысты. Сондай ақ мұндай шаралар аудандарда да жалғасын тауып отыр. Күні кеше Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Дені сау ұлт – Тәуелсіздік тірегі» атты бұқаралық марафоны болып өтті. «Қобыз-Домбыра» композициялық кешені мен орталық алаңында өткен марафонға 100-ден астам аудан жастары, еріктілер және қонақтар қатысты. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған марафон соңы арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Шараға қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов марафонға қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады. «ҚР Президенті Нұлсұлтан Назарбаевтың жылсайынғы Жолдауында тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғандығын үнемі айтып келеді. Осы мақсатта ауданымызда бұқаралық спортты дамытуда түрлі спорттық шаралар жалғасын тауып отыратындығын жеткізіп, барша отырарлықтарды салауатты өмір салтын насихаттауға шақырды»,-деді аудан басшысы. Жүгіру барысында белсенділік танытқан аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкері Сердалы Самуратов, ауданымыздың ардагер-спортшы номинациясымен Бекен Әлі аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жүлделі үшінші орынға Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Еркебұлан Әзімбек ие болса, екінші орыннан шәуілдірлік Жасұлан Тәменов көрінді. Ал, жүзден жүйрік шығып, мәре сызығын бірінші қиған Отырар аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрболат Жезмырзаев жарыс жеңімпазы атанды.
Связанные истории
06.01.2025
5983
02.01.2025
18571