Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында қасиетті Құрбан айт мерекесі ерекше аталып өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты облыстағы өкілдігі игі іске мұрындық болды. Таңертеңгісін исі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті Құрбан айт намазы оқылды. Облысымыздың орталығы Шымкент қаласында орналасқан облыстық орталық мешітіне ағылып келушілердің санында шек болмады. Айтулы шараға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бастаған ел ағалары арнайы қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді. Осыдан кейін облыс имамы Ахметжан Керімбек тұщымды уағыз айтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау хатын жиналған жамағатқа оқып берді. Құрбан айт намазынан кейін облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов өз атынан құрбандыққа мал шалды. Мешіт ауласына тігілген киіз үйлерде мәртебелі қонақтар мен жамағатқа мерекелік дастархан жайылды. Құрбан айт мерекесі жақындағанда мешіт қызметкерлері БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізген болатын. Сонда биылғы құрбан айттың сал дәстүрге сай өтетіндігін айтқан еді. Айтса айтқандай-ақ айтулы күні дін мен дәстүрімізді дәріптеу мақсатында мешіт ауласында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізілді. Атап айтқанда кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес сынды ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар берілді. Бұл да болса жалпы жамағаттың көңілін көтеріп, дін мен дәстүрге деген құрметін еселей түскендей. Бұл ерекше тойлау үрдісі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.