Оқу жылы басталғалы Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қызу жұмысқа кірісті. Оқушыларға жол ережелерін оқытып, үйретіп, жаяу жүргінші тәртібін сақтау сынды оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Осыған орай жуырда ғана тәртіп сақшылары жол қозғалысы жас инспекторларының саптық шеруін өткізді. Аталған іс-шараны Оңтүстік Қазақстан облыстық жергілікті полиция қызметі мен білім беру ұйымдарының өкілдері бірге ұйымдастырды. Әрине мұндай бірлескен жобалардың берері көп. Әсіресе мектеп жасындағы оқушылардың жол ережелерін жатқа білуі қажет дәл қазіргі таңда. Саптық шеру жастар орталығында өтті. Әрі бұл шара Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орайластырылып отыр. Акцияның мақсаты балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балалардың жолда жүру ережесін меңгеру дағдысын қалыптастыру болатын. Оқу-жаттығу кезінде мектеп оқушылары өздеріне қажетті ақпарларға қанықты. Жолда қалай ереже сақтау керек, жаяу жүргіншінің құқықтары сынды нұсқаулармен танысты. Велосипедпен жүргенде жаяу жүргіншіге жол беру, егер велосипедтен құлап қалған жағдайда алғашқы көмек беру сынды сабақтар өткізілді. Жас инспекторлар ұйымына мүше болуға ниет танытып отырған балалар көп. Сондай-ақ, 210 жас инспектор Қазақстан Ресбуликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын айшықтайтын 25 санын бейнелеп, сапқа тұрды. Саптық шеруге полицияның 2 000-нан астам көмекшісі мен 500-ден астам жоғары сынып оқушысы қатысты. Оларға тәртіп сақшылары жол қозғалысын насихаттайтын кітапшалар мен буклеттер таратты. Мұндай шаралардың оқушыларға берері көп, әрине.