Бүгін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында Сайрам ауданында көп балалы аналар марапатталды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен іс-шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Хасанов Бахытбек Сембекұлы қатысып, алтын құрсақты аналарға ізгі тілегін білдірді. Марапаттау рәсімінде Бахытбек Сембекұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 27 қаңтардағы №117 Жарлығына сәйкес, 46 анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын тапсырып, ауданның демографиялық өсімінің артуына қосып отырған елеулі үлестері үшін алғысын айтты. — Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі. Ана болу үлкен еңбек, ал көп балалы ана болу асқан ерлік. Аналық ықылас пен мейірімдеріңізді перзенттеріңізге сыйлайтын өздеріңіздей аналарға құрмет көрсетіп, қадірлеймін. Сіздер балаларды дүниеге әкеліп, елдің болашақ азаматтарын тәрбиелеп жүрсіздер. Аналық еңбектеріңіз өлшеусіз деуге болады Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін! Шара соңында басшы аудандық әжелер алқасының төрайымы Ә.Шалабаеваны көпшілікке таныстырды. Марапатталушылар қуаныштарымен бөлісіп, өз ризашылықтарын жеткізді. Айта кетелік, 12 ана «Алтын алқа» және 34 ана «Күміс алқа» алқа иегерлері атанды. Олар Қарабұлақ ауылдық округінен 17, Ақсукент ауылдық округінен 12, Қарамұрт ауылдық округінен 6 ана болды. Сонымен қатар, Қайнарбұлақ және Көлкент ауылдық округінен үш анадан, Акбұлақ, Жібек жолы, Арыс және Манкент ауылдық округтерінен бір анадан келді.