Құрбан айт мейрамы қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мереке. Бұл қасиетті мереке бірлік пен ынтымақты, достық пен шаттықты насихаттайды. «Құрбан» сөзі «жақындау», «тығыз байланыста болу» деген мағынаны білдіреді. Бұл күндер қайырымды жандар үшін сауапқа кенелудің айы болып саналады. Сол себептен де сауапты іске мұрындық болған азаматтар биыл көп болды. Құрбандыққа деген малдарын мешітте қалдырып, оны мешіт қызметкерлері мұқтаж жандарға таратып берді. Облыстық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек журналистерге өткізген брифингте тізімде тұрған нағыз мұқтаж жандарға құрбандыққа шалынған мал еттері таратылып беріледі деген болатын. Қасиетті мерекенің үшінші күні сауапты іс жалғасын тапты. Биыл аймақтағы 800-ге жуық мешітте айт намазы оқылды, дәл осы уақытта өңірден аттанған 1600-ден астам жамағат Құрбан айт мерекесін Меккеде қарсы алды. Айт намазынан кейін орталық мешіт жанында ұлттық ойындардан түрлі сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы жүлделер табысталған болатын. Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық мешітінің ұйытқы болуымен қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай облыс деңгейінде «Раббың үшін Құрбан шал!» «Құрбандық етін мұқтаж жандармен бөліс!» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасына облысқа қарасты барлық мешіттер мен қатар облыстық «Зекет» қорының өкілдігі, облыстық Жастар ісі бөлімі мен «Әйелдер-қыздар» секторы бөлімінің мамандары атсалысты. Жалпы, қорытынды есеп бойынша облыс көлемінде жағдайы төмен 6500 отбасыға құрбан еттері 5-10 кг көлемінде таратылып, қайырымдылық жасалды.