Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуі Отырар ауданында жалғасты. Тарихи өлкеде ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Елмен еркін диалог орнап, өзекті мәселелер айтылды. – Бұл аймақ Түркістан қаласымен бірге дамиды. Туристік әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтырады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын күшейту маңызды. Алдағы екі жылда ауданда 16 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Оның ішінде ірілеріне тоқталып өтсем, «Arm Wind» серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын күн электр станциясы салынып жатыр. Балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да маңызды. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге. Сонымен бірге құны 1,1 млрд. теңгелік «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деген жоспар бар. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл ретте сіздер де сол жұмысты қадағалап, назарда ұстауларыңыз керек. Мәселелерді ақылдасып шешуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды. Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі бағытта сұрақтар қойылды. Инфрақұрылым, ауыз су, жол салу, шіркейден залалсыздандыру, жердің құнарын арттыру және өзге де түйткілдер тарқатылды. Осы күні өңір басшысымен бірге құқық қорғау орган жетекшілері мен басқарма басшылары да бірыңғай қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Тұрғындар құзырлы орган басшыларымен еркін пікір алмасып, көкейдегі сауалдарын қойды. Бірқатарының шешімі сол сәтте айтылса, басқа өтініштер назарға алынды. Былтырғы кездесу нәтижесі бойынша ауданда біраз өтініш орындалған. Бірқатарына тоқталсақ, Отырар ауданының зейнеткерлері аудан орталығында ардагерлерге арналған демалыс орнын ашу мәселесін көтерген болатын. Шәуілдір ауылындағы бұрынғы қонақ үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, былтыр қыркүйек айында ардагерлерге арналған демалыс орны пайдалануға берілді. «Шәуілдір-Көксарай» жолын жөндеу бойынша өтініш айтылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Талапты ауылының тұрғындары табиғи газды тезірек беру мәселесін көтерген болатын. Желтоқсан айынан бастап Талапты ауылы табиғи газға қосылған. Былтырғы жылдың қорытындысымен Отырар ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,8 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 25 млрд. теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 8 млрд. теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 35,5 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 2 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Балтакөл, Қарғалы ауыл округтерінде биыл «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер берілмек. Шәуілдірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынды жаңа мектептің кұрылысы жоспарлануда. Талапты ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияны салуға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Маяқұм, Отырар, Аққұм, Сарыкөл елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 70 млн. теңге қаралды. Табиғи газ жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Қарғалы, Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты, Сырдария, Сарыкөл елді мекендерін газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы Ақтөбе, Ақкөл, Арыс, Отырар, Көксарай, Қоғам, Ынталы, Көкмардан елді мекендерінде 14 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 518 млн. теңге бөлінген. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.