Өзге өңірлерге қарағанда көктемі ерте келетін Жетісай ауданында жыл сайын ақпан айының соңында қауын егуді бастайтын жетісайлық дихандар биыл ауа-райына байланысты 10-15 күн кешігіп отыр. Әйтсе де, күн райының жылынғанын тиімді пайдаланған Ж.Ералиев, Атамекен, Қызылқұм, Ынтымақ, Жаңа ауыл, Жылы су және Қазыбек би ауылдық округтерінің дихандары 93 гектарға бақша дақылдарын егіп үлгерген. Оның 75 гектары қауын болса, 18 гектарына қарбыз егілген. Өткен жылы бақша дақылдары егілген 1311 гектардың 1084 гектарына қауын, 227 гектарына қарбыз еккен Жаңа ауыл ауылдық округінің шаруалары биыл 1500 гектарға бақша егуді жоспарлап отыр. Оның 1300 гектары қауын болса, 200 гектарына қарбыз көшеті отырғызылатын болады. Бүгінгі таңда бақша дақылдары егілген 70 гектар егістіктің 60 гектары қауын болса, 10 гектары қарбызды құрап отыр. Өткен жылы суармалы егістік жерінің 15,2 мың гектарына бақша дақылдарын, соның ішінде 11 мың гектарға егілген қауын мен 4,2 мың гектарға егілген қарбыздан 418 мың тонна өнім алған жетісайлық шаруалар биылғы жылы 19 мың гектарға бақша, оның 14,4 мың гектарына қауын, 4,6 мың гектарына қарбыз егуді жоспарлап отыр.