Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен басқа да мүдделі сала қызметкерлері бірлесіп, «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның қорытындысы бойынша 50-ден астам тіркелмеген қару алынып, 400 астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нақтырақ айтсақ, рейдтік жұмыстардың 10 тәулігінде полицейлер заңсыз айналымнан 37 аңшы мылтығы, 6 газды тапанша, 7 шолақ және 1 ойық мылтық қаруын тәркілеп алды. Сондай-ақ іс-шара барысында тәртіп сақшыларының назары азаматтық және қызметтік қаруды сақтау мен тіркеуге байланысты ережелердің сақталуына аударылды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері 7168 қару иесін тексеріп, 405 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша 43, ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы «Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу» бойынша 299 және ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы «Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу» бойынша 63 әкімшілік хаттама толтырды.