Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Сарыағаш қаласында ойын бизнесін ұйымдастырудың 8 дерегін анықтап, қызметіне тосқауыл қойды. Нақтырақ айтсақ, жедел уәкілдер арнайы операция нәтижесінде сотты болғанына қарамастан, қайта қылмыс жасап, заңсыз ойын бизнесін, яғни «электронды казино» ұйымдастырған Сарыағаш ауданының 2 тұрғынын анықтады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бір ғана мекеменің заңсыз қызметінен ай сайын миллион теңгеден астам табыс түскен. Ойын мекемелері мен ұйымдастырушыларының тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде, аппараттық-бағдарламалық кешендер, техникалық құрылғылар, құжаттар, ақшалай қаражат және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде осы қылмысты жасауға қатысы бар өзге адамдардың кінәсі анықталады. Оқиғаның толық мән-жайы тексерілуде.