Бекітілген кестеге сәйкес, аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау, Наурыз мерекесінің Көрісу күнімен тұспа-тұс келді. Көрісу күні барша мұсылман халқы ұлы ақын Абай жырлағандай, «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып», сағынысып, амандық-саулық сұрасады. Жеке қабылдауға келген тұрғындар ең алдымен Көрісу күнімен құттықтап, ізгі тілектерін айтты. Кейіннен өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өтінштерін, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан халқы негізінен тұрғын үй кезегіне, көпқабатты коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысына қатысты сұрақтар қойып, өздерінің арыздарын айтты. Мәдени елді мекенінен келген ақсақалдар ауылдағы клубқа меңгеруші тағайындауда заңда көрсетілген жәйттарды ескере отырып, шешім қабылдауды сұранды. Бірінші мөлтек аудандағы номері 21 және 22 үйдің тұрғындары пәтерді жекешелендіру мәселесін сөз етті. Ынтымақ елді мекенінен келген бір топ азаматтар ауылға тартылып жатқан инвестиция, балық шаруашылығына қатысты сұрақтар қойды. Ленгір қаласының тұрғыны отбасында бала саны артуына байланысты пәтерді кеңейтуге көмек сұраса, Көксәйек елді мекенінен келген бір топ аналар 8 Наурыз мерекесіне орай бір реттік жәрдемақы бөлуді сұранды. Қала тұрғыны аудан орталығынан мүмкіндігі шектеулі балаларға сауықтыру орнын іске қосып, оларға ойын алаңшасын орнату қажеттігін айтып, Киелітас елді мекеніндегі Қарауылтөбе елді мекеніндегі табиғи газ құрылысына қатысты сұрақтар қойды. Кездесуде әрбір тұрғынның өтінішін жеке тыңдап, ол бойынша заң аясында кеңестер беріп, атқарылатын жұмыстар тікелей өз бақылауымда болатынын жеткіздім. Көтерілген мәселелер зерделеніп, заң аясында шешу жолдарын қарастырылады.