Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тың төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралып, ол бойынша тиісті сала басшылары баяндама жасады. Аудан аумағына инвестиция тарту жұмыстарының барысы туралы ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев баяндады. Баяндамада айтылғандай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 5 жылдық концепциясына сәйкес, туризм, ауыл шаруашылық саласына тартылған инвестиция көлемі белгіленді. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Жиын барысында инвестиция тарту бойынша екі айда атқарылған жұмыстар барысы талқыланып, ауылдық округ әкімдері өз аймақтары бойынша тартылған инвестицияға қатысты сұрақтарға жауап берды. Аудан басшысы инвестициялардың көлемі ауданның нарықтық экономикаға бейімділігінің әрі бизнес жүргізуге тартымдылығының басты белгісі саналатынын айтып, бизнес өкілдерімен бірлесе жұмысты жандандыруды тапсырды. Аудандағы санитарлық тазалықтың жағдайы туралы ауданның тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев хабарлады. Бөлім басшысы көгалдандыру, қыс мезгілінен кейін пайда болған күл-қоқыстарға санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, көшеттер, сәндік гүлдер егу, жол бойындағы күл-қоқыстарды тазалау, негізгі және ішкі арық атыздарды тазалау, көпірлер асты, жол бойындағы су өткелдері, құбырлардың ішін тазалау, өзендердің арналары мен каналдардың жағалауларын және саябақтар, скверлер, аллея мен барлық қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарының барысын баяндады. Ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ерхасен Тілеубердиев елді мекендердің орталық көшелеріндегі нысандардың қас беттерін ретке келтіру жұмыстарының барысымен таныстырды. Жиын барысында күн тәртібіне қойылған мәселелер кеңінен талқыланды. Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы мәжілісте қаралған барлық мәселелердің, берілген тапсырмалар мен жүктемелердің уақытылы әрі сапалы орындалуы тікелей бақылауында болатындығын айтты.